Президент Тоқаев Ақордада АҚШ Конгресі өкілдер палатасының ықпалды делегациясын қабылдады. Америкалық топты Конгрестегі сауда, салық және кеден саясатына тікелей ықпал ететін комитет төрағасы Джейсон Смит бастап келді. Ресми жүздесудің ар жағында Қазақстанға тұрақты сауда мәртебесін беру, критикалық минералдарға қол жеткізу және Каспийдегі энергетикалық мүддені қорғау секілді ірі есеп жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Астанаға келген делегация құрамына Джейсон Смитпен бірге Грег Мерфи, Кэрол Миллер, Ронни Джексон, Уэсли Белл және Эдвард Кейс енген.
Олардың сапарын қатардағы парламенттік дипломатия аясындағы сыпайы жүздесу деп қабылдау қиындау. Смит басқаратын АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының Бюджет кірістері жөніндегі комитеті сауда келісімдерінен бастап, салық пен кедендік бажға дейінгі аса маңызды шешімдерді қарайды. Вашингтонның саяси ортасында оны бейресми түрде «Американың әмияны» деп атайтыны да содан.
Түнгі қоңырау Ақордадағы әңгіменің ауанын өзгертті
Кездесуде Тоқаев Қазақстандағы саяси реформалар, жаңа Конституция және парламенттік дипломатияның маңызы туралы айтты. Алайда жүздесудің саяси салмағын арттырған негізгі жайт Дональд Трамптың атымен байланысты болды.
Ақорда екі ел арасындағы қарым-қатынастың қазіргі деңгейін АҚШ президентімен қалыптасқан сенімді диалогпен байланыстырды. Джейсон Смит те Астанаға аттанар алдында Трамппен сөйлескенін жеткізген.
«Бүгін түнгі сағат екіде маған президент Дональд Трамп телефон соқты. Бірнеше сағаттан кейін Сізбен кездесетінімді айттым. Ол Сізге ыстық ықыласын жеткізуді өтінді және араларыңыздағы сенімді қарым-қатынас үшін ризашылығын білдірді. Президент Сіздің Майамиде өтетін G20 саммитіне келуіңізді асыға күтіп отыр», – деді Джейсон Смит.
Түнгі қоңырау жөніндегі детальдың Ақорданың ресми хабарламасында сақталуы кездейсоқ емес. Вашингтон Астанаға келген делегацияның саяси мандаты жоғары екенін және сапар Ақ үйдің назарынан тыс қалмағанын осылай аңғартты.

Тоқаев Майамиге бару жөніндегі жеке шақыртуды Трамптан алғанын айтып, алдағы сапар екіжақты серіктестікке тың серпін беретініне сенім білдірді.
Астанаға қажет шешім Смиттің комитетінде жатыр
Қазақстан үшін келіссөздің ең өзекті бөлігі Джексон–Вэник түзетуінің күшін біржола жою және АҚШ-пен тұрақты қалыпты сауда қатынастары мәртебесін алу.
Қырғи-қабақ соғыс дәуірінен қалған шектеу Қазақстанға іс жүзінде қолданылмағанымен, елдің Америкамен сауда байланысында ескірген саяси кедергі болып отыр. Оны толық алып тастау Конгрестің шешімін талап етеді.
Ал тиісті заң жобасының тағдыры дәл Джейсон Смит басқаратын комитетке тікелей байланысты. Сондықтан Астанаға «Америка әмиянының» иесі саналатын саясаткердің келуі жай хаттамалық сапардан әлдеқайда маңызды.
Тұрақты қалыпты сауда мәртебесі Қазақстан тауарларының АҚШ нарығына шығуын жеңілдетіп, америкалық компанияларға ұзақ мерзімді келісім жасауға қолайлы құқықтық орта қалыптастырады. Ең бастысы, екі ел арасындағы экономикалық байланысты жыл сайын саяси шартпен ұзартылатын тәртіптен арылтады.
Вашингтонның назары уран мен литийде
Америка мұндай артықшылықты есепсіз бере салмайды. Вашингтонға Қазақстанның стратегиялық шикізаты, әсіресе уран, литий және өзге де критикалық минералдары қажет.
АҚШ технологиялық өндіріс пен қорғаныс өнеркәсібіне керекті шикізатты Қытай мен Ресейге тәуелді болмай алатын бағыттарды іздеп жатыр. Осы тұрғыдан Қазақстан Вашингтон үшін Орталық Азиядағы негізгі серіктеске айналып келеді.
Критикалық минералдар жөніндегі меморандумға былтыр қарашада қол қойылған. Ендігі міндет – саяси уағдаластықты геологиялық барлау, өндіру және қайта өңдеу саласындағы нақты жобаларға айналдыру.
Америкалық тарапты шикізатқа қол жеткізу ғана емес, инвестициясының қорғалуы да алаңдатады. Қазақстандағы энергетикалық активтерге құқықтық кепілдік беру мәселесінің маңызы Қашаған операторы төңірегіндегі ұзаққа созылған қаржылық және экологиялық даулардан кейін арта түсті.
Сондықтан келіссөз үстеліндегі айырбас қисыны айқын көрінеді. Астана Қырғи-қабақ соғыстан қалған сауда шектеуінен құтылуға ұмтылса, Вашингтон стратегиялық шикізат пен энергетикалық активтеріне берік кепілдік күтеді.
Америкалық делегация Бакуден кейін Астанаға келді
Джейсон Смит бастаған топ Қазақстанға Әзербайжаннан тікелей жеткен. Делегация мүшелері Бакуде президент Ильхам Әлиевпен кездесіп, екі елдің сауда байланысына кедергі келтірген 907-түзетудің тағдырын талқылаған.
Әлиев бұған дейін аталған шектеудің қолданылуын тоқтатқаны үшін Трампқа алғыс білдірді. Вашингтонның Баку мен Астанаға қатысты ұстанымынан ортақ өрнек байқалады.
АҚШ Каспий өңіріндегі серіктестерін ескі шектеулерден босатып, олармен қарым-қатынасты мәлімдеме арқылы емес, сауда, шикізат және инвестицияға құрылған ұзақмерзімді келісімдермен бекіткісі келеді.
Орталық Азияға салынған америкалық инвестицияның шамамен 80 пайызы Қазақстанға тиесілі. Тариф пен бажды сыртқы саясат құралы ретінде жиі қолданатын Трамп әкімшілігі осы капиталдың қайтарымын арттырып, Астананың экономикалық бағытын Мәскеуден барынша дербестендіруге мүдделі.
Астанаға келгендердің көбі Ресейге қатаң қарайды
Америкалық делегация мүшелерінің саяси өмірбаяны да сапардың бағытын аңғартады. Олардың дені Ресейге қатысты қатаң ұстанымымен белгілі.

Миссури штатынан сайланған Джейсон Смит – фермер отбасынан шыққан республикашыл әрі Трамптың сенімді жақтастарының бірі. Ол Бюджет кірістері жөніндегі комитетті басқарған ең жас саясаткер ретінде танылды. Трампшыл қанатқа жатқанына қарамастан, Украинаға көмек көрсету бастамаларын да қолдаған.
Ронни Джексон кезінде Барак Обама мен Дональд Трамптың тұсында Ақ үй дәрігері қызметін атқарған. Кейін Конгреске өтіп, Трамптың ең белсенді саяси жақтастарының біріне айналды. Сонымен бірге Киевке қару-жарақ жеткізуді қолдаған мәлімдемелерімен белгілі.
Грег Мерфи де Ресейге қатысты қатаң бағытты ұстанатын республикашылдардың қатарында.
Демократ Уэсли Белл – бұрынғы прокурор, Конгреске жуырда келген саясаткер. Ол Украина мәселесімен айналысатын конгрестік топқа қосылып, Балтық елдерінің қауіпсіздігі жөніндегі заң бастамасына атсалысты. Құжатта Ресеймен қатар Қытай мен Ираннан туындайтын қатерге басымдық берілген.
Сондықтан Белл тәрізді саясаткерлер Қазақстанды тек сауда серіктесі емес, Ресей мен Қытай арасындағы стратегиялық кеңістікте орналасқан маңызды мемлекет ретінде қарайды.
Кэрол Миллер Астанаға бұрыннан таныс
Делегациядағы Кэрол Миллер Қазақстан басшылығына бөтен тұлға емес. Ол былтыр күзде Вашингтондағы келіссөздерге қатысып, биыл көктемде Астанаға келген.
Саяси ортада Миллерді Қазақстанның сауда мүддесін Конгресте ілгерілетуге көмектесетін бейресми жақтастардың бірі ретінде сипаттайды. Джексон–Вэник түзетуін жоюға қатысты заңнамалық жұмыста оның қолдауы Астана үшін маңызды болуы мүмкін.
Эдвард Кейс те делегациядағы демократтардың бірі ретінде сапарға екі партияның да қатысып отырғанын көрсетті. АҚШ Конгресінде сыртқы саудаға қатысты ірі шешімнің қабылдануы республикашылдар мен демократтардың ортақ қолдауын талап етеді.
Ресми күн тәртібінің астарындағы үлкен сауда
Ақорданың хабарлауынша, кездесуде Қазақстан қолдаған Авраам келісімдері, Бейбітшілік кеңесі және жаңа Құрылтайдың қызметі талқыланған. Алайда сапардың экономикалық өзегі әлдеқайда салмақты.
Қазақстан Джексон–Вэник түзетуінен арылып, Америка нарығымен қалыпты сауда тәртібіне көшкісі келеді. АҚШ Каспий маңындағы критикалық минералдарға, уран қорына және энергетикалық жобаларға сенімді жол ашуды көздейді.
Астана мен Вашингтон арасындағы сауданың ендігі бағасы жылы сөзбен емес, Конгрестегі дауыс, кен орындарына салынатын инвестиция және ұзақмерзімді келісімдер арқылы өлшенбек.
Ақордадағы кездесу туралы хабарлар Уильям Бернстің Мәскеуге тосын сапары жөніндегі бейресми мәліметтермен шамалас уақытта тарады. Екі бағыттың бір-бірімен байланысы бары жөнінде ресми дерек жоқ. Дегенмен осы дипломатиялық қозғалыстың өзі аймақтағы тартыстың бір ғана лагерьді таңдау қисынына бағынбайтынын байқатады.
Астана Вашингтонмен жақындасу арқылы Мәскеуден біржола теріс айналып жатқан жоқ. Қазақстан алпауыт державалардың арасындағы бәсекені өз пайдасына жаратып, сауда кедергісін алып тастауға, инвестиция тартуға және стратегиялық шикізаттың бағасын көтеруге ұмтылуда.
Саяси ойын бұрынғыдан күрделі. Қазір үстел үстінде ұран емес, уран, литий, мұнай, тариф және миллиардтаған долларлық келісім жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







