Құрылтайға өткен «Ауыл», «Ақ жол», ЖСДП және Respublica партиясы депутаттық мандатты үлестіріп берді. Төрт саяси күш атынан су жаңа парламентке барлығы 35 депутат жол тартады. Ең тосын өзгеріс «Ақ жолдың» сапында, партияның көп жылдан бергі жетекшісі Азат Перуашев ақырғы тізімге енген жоқ, деп жазады Ertenmedia.kz.
23 тамыздағы сайлаудың қорытындысы бойынша «Ауыл» 10, Respublica 9, ал «Ақ жол» мен ЖСДП 8 мандаттан иеленген-тін. Енді партиялардың басшылығы Құрылтайға баратын кандидаттарды бекітті.
«Ауыл» Құрылтайдағы екінші ірі күш атанды
«Ауыл» партиясы жаңа Құрылтайда 10 депутатпен отырады. Мандат иелерінің түпкілікті тізімін партияның Саяси кеңесі бекіткен.
Құрылтайға «Ауыл» атынан мына азаматтар аттанбақ:
- Қайрат Айтұғанов;
- Шахмардан Байманов;
- Захира Бегалиева;
- Серік Егізбаев;
- Мұрат Иргибаев;
- Ажар Қажыбекова;
- Владимир Киян;
- Алмас Мұхаметов;
- Динара Райханова;
- Рабиға Тоқсеитова.
Бұлардың арасында парламент жұмысынан хабар бар саясаткерлер бар. Серік Егізбаев VIII сайланған Мәжіліс депутаты болып, «Ауыл» фракциясын басқарған.
Бақандай 10 мандатты иеленген «Ауыл» Құрылтайдағы депутат саны жөнінен екінші саяси күшке айналайын деп тұр. Айтқандай, жасы келген Жигули Дайрабаев «Ауылдағы» жастау әріптестеріне жол берген секілді.
Саяси ұйымның тағы бір танымал мүшесі Қарақат Әбден де саптан шығып қалыпты
«Ақ жол» Перуашевсіз дәуірге қадам басты
«Ақ жол» партиясының Саяси кеңесі де өзіне тиесілі 8 мандатты бөлді. Құрылтайға партия атынан мына кандидаттар өтеді:
- Дәурен Ахметжаев;
- Бақтыбек Бибаев;
- Дания Еспаева;
- Асылхан Қожахметов;
- Юрий Ли;
- Олжас Нұралдинов;
- Мейраш Шынасилова;
- Ермекқали Юсупов.
Тізімнен Азат Перуашевтің есім-сойын таба алмадық. «Ақ жолдың» көп жылдан бергі бет-бейнесіне айналған саясаткер Құрылтайдан қалыс қалыпты. Партия әзірге мұндай шешімнің себебін түсіндірген жоқ. Белгілі қоғам қайраткері, ақын Қазыбек Иса да тізімнен тыс қалған екен.
Жаңа құрамда бұрынғы Мәжілістен келе жатқан таныс тұлғалар бар. Дания Еспаева VIII сайланған Мәжілістің депутаты әрі вице-спикері болды. Олжас Нұралдинов депутаттық мандатты 2025 жылы алған.
Орталық сайлау комиссиясының түпкілікті қорытындысы бойынша «Ақ жол» 478 083 сайлаушының қолдауына ие болып, 5,21 пайыз дауыс жинаған еді.
Respublica таңдауы Әлібеков пен Маркленге түспеді
Respublica партиясы да өзіне тиесілі 9 мандатты кімдер алатынын анықтады.
Құрылтайға партия атынан мына кандидаттар өтеді:
- Бекжан Айтқұлов;
- Руслан Ыдырысов;
- Мейірхат Қасымбаев;
- Олжас Күспеков;
- Динара Наумова;
- Екатерина Смолякова;
- Нұргүл Тау;
- Махамбет Хасенов;
- партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров.
Тоғыз депутаттың бесеуі VIII сайланған Мәжілісте жұмыс істеген. Олар ма, олар – Олжас Күспеков, Динара Наумова, Екатерина Смолякова, Нұргүл Тау және Айдарбек Қожаназаров.
Партия атынан сайлауға қатысқан блогер Бейбіт Әлібеков пен әнші Азамат Марклен түпкілікті тоғыздыққа енбеді. Әлібековтың әкесімен байланысты дау және халықтың әнші-әртістерді жарата бермейтіні аталған екеудің тізімнен түсіп қалуына себеп болғаны анық.
Осылайша, партия Құрылтайдағы орындарының басым бөлігін «мәжіліс көрген» өкілдеріне сеніп тапсырды. Қалған төрт мандат жаңа есімдерге берілді.
ЖСДП Тазабек Сәмбетбайдан теріс айналды ма?
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның президиумы да Құрылтайда партия атынан сөйлейтін 8 депутатты бірауыздан бекітті.
ЖСДП атынан мандат алғандар:
- партия төрағасы Асхат Рахимжанов;
- орталық аппарат басшысы Мақсұт Насибулов;
- Атырау облыстық филиалының жетекшісі Нұрайнаш Камалова;
- PANA жобасының жетекшісі Лариса Ли;
- партияның Астана филиалының сарапшысы Аслан Құлмағамбетов;
- Әділет министрлігі департаментінің директоры Арман Ақылбай;
- жастар қанатының жетекшісі Наурыз Сайлаубай;
- әйелдер қанатының жетекшісі Ажар Сағандықова.
Асхат Рахимжанов, Наурыз Сайлаубай және Ажар Сағандықова VIII сайланған Мәжілісте депутат болған. Қалған кандидаттардың бір бөлігі партияның орталық аппараты мен өңірлік құрылымдарында қызмет еткен.
Бір қызығы, бір кездері Ермұрат Бапимен жаға жыртысқан, түнеукүнгі дебатта тәп-тәуір сөз саптаған Тазабек Сәмбетбайды тізімнен таба алмадық.
ЖСДП сайлауда 5,11 пайыз дауыс жинап, белгіленген межеден өткен еді. Партия сегіз мандатқа ие болды.
Құрылтайдағы 145 орын қалай бөлінді
Жаңа Құрылтайда барлығы 145 депутат болады. «Әділет» 110, «Ауыл» 10, Respublica 9, ал «Ақ жол» мен ЖСДП сегіз мандаттан иеленді. Құдай сақтағанда, Аша Матай мен Тамара Асар бес пайыздық межені еңсере алмады. Ал 110 мандатты иеленген «Әділет» партиясының тізімі әні-міні күтіліп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







