Қазақстан мектептерінде оқушылар сабақ басталар алдында телефонын мұғалімге тапсыруға міндеттелмейді. Смартфон баланың сөмкесінде қала алады, алайда оқу кезінде өшірулі тұруға тиіс, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министрлік мектептерде ұялы телефонды пайдаланудың бірыңғай ережесін әзірлеген. Құжат қазір келісу рәсімінен өтіп жатыр.
Жаңа талап бойынша, оқушыларға сабақ үстінде смартфон пайдалануға тыйым салынады. Тек мұғалім телефонды оқу тапсырмасын орындауға қажет деп тапқан жағдайда ғана қолдануға рұқсат беріледі. Мұндай жұмыс педагогтің күнтізбелік-тақырыптық жоспарында алдын ала көрсетілуге тиіс.
«Балалар үзіліс кезінде ұялы телефондарын пайдалана алады. Оқу процесінде қолдануға болмайды. Егер педагог күнтізбелік-тақырыптық жоспарда белгілі бір жұмысты белгілесе, телефон сол тапсырмаға сәйкес пайдаланылуы мүмкін», – деді Шынар Ақпарова.
Телефонды арнайы сейфке жинамайды
Оқу-ағарту министрлігі барлық мектепке смартфондарды мұғалімге міндетті түрде өткізуді немесе арнайы сейфте сақтауды жүктемейді.
Гаджеттерді сақтау тәртібін әр білім беру ұйымы ішкі ережесіне сай өзі белгілей алады. Оқушы телефонды жанында қалдырса, құрылғы сабақ бойы өшірулі және сөмкеде жатуға тиіс.
«Телефондарды сейфте ұстау жөнінде талап қоймаймыз. Гаджеттер сыныпта болуы мүмкін, оқушы оны сөмкесінде сақтай алады. Ең бастысы, сабақ кезінде өшірулі тұруы қажет», – деді бірінші вице-министр.
Сондықтан бүкіл оқушының телефонын жаппай жинап алу қарастырылмаған. Мектеп смартфондарды сыныптағы арнайы жәшікке салу тәртібін енгізе алады, бірақ мұндай шешімді оқу орны өзі қабылдайды.
Ата-ана баласымен қалай байланысады?
Ережеде ата-аналардың баласымен шұғыл байланысу тетігі де қарастырылған. Мектеп ата-аналарға ортақ байланыс нөмірлерін беруге тиіс. Қажет жағдайда сол нөмір арқылы әкімшілікке немесе балаға хабарласуға мүмкіндік жасалады.
Үзіліс кезінде смартфон пайдалануға рұқсат етіледі. Демек, мектеп аумағында телефон ұстауға толық тыйым салынбайды. Негізгі шектеу тек сабақ барысына қатысты.
Телефон жоғалса, мұғалім бірден жауап бермейді
Смартфон жоғалған жағдайда оның құнын мұғалім автоматты түрде өтемейді. Алдымен телефонның қашан, қай жерде және қандай жағдайда жоғалғаны анықталады.
«Телефон жоғалса, педагогке оның құнын бірден өтету қарастырылмаған. Әуелі оқиғаның мән-жайы зерттеліп, кінәлі адам анықталады. Содан кейін тиісті шара қабылданады», – деді Ақпарова.
Әр оқиға жеке қаралып, жауапкершілік нақты жағдайға қарай белгіленеді.
Осылайша, әзірленген тәртіп смартфондарды мектептен толық аластатпайды. Оқушылар үзілісте телефонын пайдалана алады, ал сабақ кезінде құрылғыны өшіріп қоюы керек. Мұғалім алдын ала жоспарлаған оқу тапсырмасы үшін ғана смартфонды қайта қосуға рұқсат беріледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







