Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевты қабылдап, ведомство жұмысының негізгі бағыттарын белгіледі. Мемлекет басшысы ақпарат саласындағы заңнаманы жаңа цифрлық қатерлерге бейімдеуді тапсырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кездесуде мемлекеттік ақпараттық саясатқа ерекше назар аударылды. Президент отандық ақпарат кеңістігінің позициясын күшейтіп, цифрлық ортадағы өзгерістер мен тәуекелдерді ескере отырып, заң жобалау жұмысын жетілдіру қажет екенін айтты.
Мұндай міндеттің қойылуы ақпарат тұтыну тәсілі түбегейлі өзгерген кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Әлеуметтік желі, жасанды интеллект, дипфейк пен жалған ақпарат дәстүрлі медианың ғана емес, мемлекеттік ақпарат саясатының да жұмыс үлгісін қайта қарауды талап етеді.
Тоқаев Қырықбаевқа мәдениет пен креативті индустрияны одан әрі дамыту міндетін жүктеді. Тарихи-мәдени мұраны сақтау және кеңінен насихаттау жұмысы да күшейтілуге тиіс. Президент отандық мәдениетті халықаралық аренада танытудың маңызын атап өтті.
Сонымен бірге қоғамдық келісімді нығайту және жастардың жасампаз әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау жөнінде тапсырма берілді.
Контекст
Арман Қырықбаев Мәдениет және ақпарат министрі қызметіне 3 қыркүйекте тағайындалған. Ол бұған дейін Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі болды. Жаңа министр Аида Балаеваның орнына келді. Балаева Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне ауысқан еді.
Қырықбаев үшін министрлік қызметі бөтен емес.
Ол бұған дейін Мәдениет және ақпарат вице-министрі, Мәдениет комитетінің төрағасы, Қарағанды облысы мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. Кейін Президент Әкімшілігінің Коммуникациялар бөлімін басқарды.
Кездесуде қойылған міндеттерге қарағанда, Қырықбаевтың жұмысы мәдени жобаларды басқарумен шектелмейді. Оның алдында мемлекеттік ақпарат саясатын цифрлық дәуірге бейімдеу, ұлттық медианың салмағын арттыру және мәдени ықпалды елден тыс кеңейту міндеті тұр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







