Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметіне Айдар Садырбаев тағайындалды. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол ішкі саясат пен өңірлік басқару саласында мол тәжірибе жинаған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Тағайындау Президент Әкімшілігінің келісімімен және облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың өкімімен жүзеге асты. Аймақ басшысы жаңа орынбасарын ұжымға таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Айдар Садырбаев бұған дейін Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасын басқарған.
Айдар Серікқазыұлы Садырбаев 1986 жылғы 25 қыркүйекте бұрынғы Семей облысының Жаңасемей ауданына қарасты Новопокровка ауылында дүниеге келген. 2009 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін «Тарих» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын сол жылы Бородулиха ауданы Переменовка ауылындағы орта мектепте мұғалім болып бастаған.
Кейін Бородулиха ауданы мен Семей қаласының ішкі саясат бөлімдерінде нұсқаушы, жетекші маман және бас маман қызметтерін атқарды. Сондай-ақ бөлім басшысының орынбасары, бөлім басшысы және Семей қаласы әкімінің орынбасары болды. Әр кезеңде өңірдің қоғамдық-саяси ахуалына, мемлекеттік ақпараттық саясат пен жергілікті басқару ісіне қатысты бағыттарға жетекшілік етті.
Айдар Садырбаев «AMANAT» партиясының облыстық филиалына төрағалық етіп, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының ішкі саясат басқармаларын басқарды. Оның кәсіби жолы білім беру саласынан басталып, мемлекеттік қызмет, партиялық жұмыс және өңірлік саясат бағыттарымен жалғасты. Жаңа қызметте оған облыс әкімінің құзыретіне кіретін салалар бойынша міндеттер жүктеледі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






