Қазақстан халқы шілде айында 14,2 мың адамға көбейіп, 1 тамызда 20 млн 604,8 мың адамға жетті. Өсімнің басым бөлігі қалаларға тиесілі болса, ауыл халқы бір айда шамамен 6,9 мың адамға азайды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жыл басынан бері ел тұрғындарының қатары 104 997 адамға артқан. Халық санының өсу қарқыны 1 шілдедегі 0,44 пайыздан 1 тамызда 0,51 пайызға көтерілді. Демографиялық өсімнің негізгі тірегі бұрынғыдай табиғи өсім болып отыр.
2026 жылдың алғашқы жеті айында туғандар мен қайтыс болғандар арасындағы оң айырма 99 419 адамды құрады. Демек, жалпы өсімнің шамамен 95 пайызы табиғи қозғалыс есебінен қалыптасқан. Көші-қонның демографияға қосқан үлесі салыстырмалы түрде аз.
Елдегі көші-қон сальдосы оң көрсеткішті сақтағанымен, бір айда аздап төмендеді. 1 шілдеде айырма 5 703 адам болса, 1 тамызда 5 578 адамға дейін қысқарған. Бір айдағы төмендеу 125 адамды құрады.
Демографиялық қозғалыс қала мен ауыл арасындағы алшақтықты анық көрсетті. Қала халқы бір айда 13 млн 190,6 мыңнан 13 млн 211,8 мың адамға дейін өсті. Нәтижесінде қалаларға 21 174 тұрғын қосылды.
Жылдың алғашқы алты айында Қазақстан қалаларының халқы 105 475 адамға көбейген еді. Шілдедегі өсім урбандалу қарқынының әлі де жоғары екенін аңғартады. Ірі қалалар жұмыс, білім, медицина және әлеуметтік мүмкіндік іздеген азаматтарды өзіне тартып жатыр.
Ауылдағы демографиялық көрініс кері бағытта қалыптасты. 1 шілдеде ауылдық жерде шамамен 7 млн 400 мың адам тұрса, 1 тамызда көрсеткіш 7 млн 393 мыңға дейін төмендеді. Бір айдың ішінде ауыл халқы шамамен 6,9 мың адамға кеміген.
Соған қарамастан, ауылдағы табиғи өсім оң деңгейде сақталып отыр. Жыл басынан бері ауылдық елді мекендерде туғандар мен қайтыс болғандар арасындағы айырма 38 684 адамды құрады. Алайда ішкі көші-қон табиғи өсімнің елеулі бөлігін қалаларға бұрып жатыр.
Астана өсім бойынша көш бастады
Қала халқының бір айда 21 мыңнан астам адамға өсуі, ал ауыл тұрғындарының азаюы ішкі көші-қонның бағытын көрсетеді. Жастардың оқу мен жұмыс үшін облыс орталықтары және республикалық маңызы бар қалаларға қоныс аударуы үдерісті жеделдетіп отыр. Урбандалу тұрғын үйге, мектепке, медицинаға және көлік инфрақұрылымына түсетін салмақты арттырады.
Республикалық маңызы бар қалалар арасында Астана абсолюттік өсім бойынша көш бастады. Елорданың халқы 1 шілдедегі 1 млн 682,7 мыңнан 1 тамызда шамамен 1 млн 690 мың адамға жеткен. Бір айда Астана тұрғындарының қатары 7,9 мыңға жуық адаммен толықты.
Жыл басынан бері елорда халқы 51 429 адамға көбейді. Өсім қарқыны 3,14 пайызды құрап, жалпы республикалық көрсеткіштен бірнеше есе жоғары болды. Астананың демографиялық серпіні қаланың еңбек нарығы мен құрылыс саласындағы белсенділігімен астасып жатыр.
Қазақстан халқының жалпы саны тұрақты өсіп келе жатқанымен, демографиялық карта біркелкі өзгеріп жатқан жоқ. Табиғи өсім елдегі адам санын арттырса, ішкі көші-қон тұрғындарды ірі қалаларға шоғырландыруда. Алдағы кезеңде мемлекетке қалалардың жүктемесін реттеумен қатар, ауылдағы жұмыс пен тұрмыс сапасын жақсарту міндеті күшейе түседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







