Қазақстанда тамыз айында жұмыс берушілер ең көп маманды білім беру саласынан іздеген, ал ең жоғары жалақы өндіруші өнеркәсіпте ұсынылған. Enbek.kz электрондық еңбек биржасындағы бос жұмыс орындары бір айда ширекке жуық көбейіп, жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы алшақтық айтарлықтай қысқарды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, тамызда ең жоғары жалақы өндіруші өнеркәсіптегі ауысым бастығына ұсынылған. Жұмыс беруші аталған маманға айына шамамен 2,06 млн теңге төлеуге дайын болған. Киберқауіпсіздік маманына 2 млн теңгеге жуық, ал кеніш директорына 1,63 млн теңге жалақы көрсетілген.
Жұмыс іздеушілердің жалақыға қатысты талабы да төмен емес. Әкімшілік бөлім басшысы лауазымына үміткерлер орта есеппен 2,02 млн теңге, жаңа өнім әзірлеу жобасының жетекшілері 1,84 млн теңге сұраған. Өнім өткізу шеберлері өз еңбегін шамамен 1,75 млн теңгеге бағалаған.
Тамызда жұмыс берушілер Enbek.kz платформасына 131,6 мың бос жұмыс орнын орналастырды. Жұмыс іздеушілер жариялаған түйіндеме саны 145,2 мыңға жетті. Шілдемен салыстырғанда вакансиялар 25,8 пайызға, түйіндемелер 2,8 пайызға көбейіп, екі көрсеткіш арасындағы айырма 36,6 мыңнан 13,6 мыңға дейін қысқарды.
Ұсыныстың күрт өсуіне жаңа оқу жылының басталуы әсер еткен. Білім беру ұйымдары бір айдың ішінде 61 мың бос жұмыс орнын жариялады. Қызмет көрсету, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен құрылыс салаларында да маманға сұраныс жоғары болды.
Жарияланған вакансиялардың 46,6 пайызы жоғары білікті мамандарға арналған. Орта біліктілікті қажет ететін жұмыс орындарының үлесі 33,1 пайызды, біліктілігі төмен қызметтер 20,3 пайызды құрады. Түйіндемелер арасында осы санаттардың үлесі тиісінше 46,5, 35,5 және 18 пайыз болды.
Жұмыс іздеушілердің басым бөлігі 35 жасқа толмаған азаматтар. 35-44 жастағы үміткерлер барлық түйіндеменің 25,8 пайызын, 45-54 жастағылар 14,6 пайызын, ал 55 жастан асқандар 6,7 пайызын жариялаған. Еңбек нарығында белсенділік танытқан әйелдердің үлесі 60,6 пайызға жетсе, ерлердің көрсеткіші 39,4 пайыз болды.
Нарықтағы жалақы ұсынысы мен үміткерлердің талабы әлі де бір-бірінен алшақ. Шілде айында жұмыс берушілер ұсынған ең жоғары еңбекақы 1,1 млн теңге шамасында қалса, жұмыс іздеушілердің талабы 2,4 млн теңгеге дейін жеткен еді. Тамыздағы дерек жұмыс орындары көбейгенімен, білікті кадр үшін бәсеке мен жоғары жалақыға деген сұраныс қатар күшейгенін аңғартады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







