Қазақстанда NCOC компаниясынан 2,3 трлн теңге экологиялық айыппұл өндіріп алу рәсімі уақытша тоқтатылды. Әділет министрлігі мұның айыппұлдың күші жойылғанын білдірмейтінін, үзіліс компанияның мемлекеттік сот орындаушысының әрекетіне шағымдануына байланысты екенін түсіндірді, – деп жазады Ertenmedia.kz.
NCOC мемлекеттік сот орындаушысының әрекетіне қатысты сотқа шағым түсірген. Осыған байланысты Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты атқарушылық іс жүргізу материалдарын сұратқан. Құжаттар сотта қаралып жатқан кезеңде қаражатты мәжбүрлеп өндіру рәсімі тоқтатылады.
Министрлік мұндай шешім «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның 42-бабы 13-тармақшасына сәйкес қабылданғанын мәлімдеді. Іс материалдары соттан қайтарылғанға дейін атқарушылық өндіріс жалғаспайды. Кейін NCOC-тан мемлекет пайдасына қаражат өндіру заңда белгіленген тәртіппен қайта жүргізіледі.
Атырау облыстық соты 19 маусымда 2,3 трлн теңгелік айыппұл туралы шешімді күшінде қалдырған еді. Компанияға айыппұлды ерікті түрде төлеу үшін 20 шілдеге дейін уақыт берілді. Белгіленген мерзімде төлем түспегеннен кейін материалдар мәжбүрлеп орындатуға жіберілген. Reuters мәліметі
Даудың тарихы 2022 жылы жүргізілген экологиялық тексеруден басталды. Инспекторлар Каспий теңізіндегі NCOC кешенінен бірнеше заңбұзушылық анықтап, рұқсат етілген көлемнен артық шамамен 1 млн тонна күкірт сақталғанын мәлімдеді. Соның негізінде 2023 жылдың көктемінде компанияға сол кездегі бағаммен 5 млрд доллардан асатын айыппұл салынды.
Кен орнын игеруші консорциум тағылған айыппен және есептелген сомамен келіспеді. Компания Астана сотына он тармақтан тұратын талап арыз беріп, оның үшеуі, соның ішінде күкіртті нормадан артық сақтау мәселесі бойынша өз пайдасына шешім шығаруға қол жеткізді. Экология министрлігі кейін осы шешімге кассациялық шағым түсірді.
2024 жылғы наурызда NCOC-тың 12,5 млрд теңге айыппұл төлегені белгілі болды. Кейін Астана соты Экология департаментінің нұсқама шығару кезінде рәсімдік заңбұзушылықтарға жол бергенін мәлімдеді. Министрлік нұсқаманың күшін жою компанияны экологиялық жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтті.
NCOC акционерлері экологиялық айыппұлға байланысты Қазақстанға қарсы халықаралық арбитражға да жүгінген. Компания өкілдері төрелік орган айыппұлды өндіріп алуға уақытша шектеу қойғанын мәлімдесе, Қазақстан тарапы ұлттық сот шешімдерінің заңды күшіне сүйеніп отыр. Сондықтан 2,3 трлн теңгенің тағдыры енді ішкі сот рәсімдерімен қатар халықаралық арбитраждағы тартысқа да тәуелді болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







