Бельгияның Гент қаласында қазақ тілі мен әдебиетін ұлықтаған мәдени-ағартушылық кездесу өтті. Шетелде өсіп жатқан балаларды ана тілімен табыстырған іс-шара «Кітап оқитын ұлт» марафонының халықаралық аясын кеңейтті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстан халқы тілдері күніне арналған басқосу «Qazaq Roots» қазақ мәдени орталығында Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Кездесу Фландрия өңірінде тұратын отандастарымызды бір шаңырақ астына жинады. Олардың қатарында бельгиялық отбасылар асырап алған қазақ балалары мен Қазақстанның тіліне және мәдениетіне қызығатын жергілікті тұрғындар болды.
Қатысушылар қазақ тіліндегі кітаптарды оқып, қазақстандық әдебиетпен жақынырақ танысты. Бағдарламаға викториналар мен интерактивті тілдік ойындар енгізілді. Осындай еркін формат ана тілін ресми сабақтың шеңберінен шығарып, балалардың күнделікті қарым-қатынас құралына айналдыруды көздейді.
«Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошев жиынға онлайн қатысты. Ол кітап оқуды әр буынды біріктіретін күнделікті мәдениеттің бір бөлігіне айналдыру қажет екенін айтты. Оның сөзінше, шетелдегі қазақстандықтардың кітап арқылы туған тілімен, ұлттық мәдениетімен және тарихи Отанымен байланысын сақтауы айрықша маңызды.
Жоба аясында «Qazaq Roots» орталығының кітап қоры қазақстандық қаламгерлердің жаңа басылымдарымен толықты. Әдебиеттер орталыққа келушілердің оқуына және өзара кітап алмасуына қолжетімді болады. Жаңа қор Бельгиядағы қазақ балаларына ана тілін көркем шығарма арқылы меңгеруге мүмкіндік береді.
Орталық басшысы Майнұр Жұманованың айтуынша, Бельгияда өсіп жатқан балалар үшін қазақ тілі тарихи тамырмен жалғайтын рухани көпір саналады. Сондықтан орталықта тіл үйретумен қатар, қазақша кітап оқу, еркін сөйлесу және ұлттық мәдениетті терең танытуға басымдық беріліп отыр. Мұндай орта баланың Қазақстан туралы түсінігін отбасылық естелік деңгейінде қалдырмай, саналы мәдени байланысқа айналдырады.
Брюссель мен Гент қалаларындағы қазақ мәдени орталықтарында ана тілін үйренгісі келетіндердің барлығына арналған курстар жұмыс істейді. Сабақтар шетелдегі отандастарға тілдік ортасын сақтауға, ал бельгиялықтарға Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрін жақынырақ тануға көмектеседі. Осылайша мәдени орталықтар диаспораны біріктіретін орынмен қатар, Қазақстанның қоғамдық дипломатиясын ілгерілететін алаң қызметін атқарып отыр.
Генттегі кездесу қазақ тілін шетелде насихаттау мен қазақстандық әдебиетті танытудың практикалық үлгісіне айналды. Кітап оқу марафоны арқылы тіл, әдебиет және ұлттық жады бір арнаға тоғысты. Еуропадағы осындай бастамалар қазақ мәдениетінің географиялық шекарадан тыс өмір сүруіне берік негіз қалайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







