Құрылтай депутаты Айдос Сарым кулуарда БАҚ өкілдерінің сауалына жауап беріп, өзінің ай сайынғы табысы мен әріптестерінің еңбекақысы қалай есептелетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Оның сөзінше, Парламент реформасынан кейін депутаттардың жалақы жүйесінде түбегейлі өзгеріс бола қойған жоқ. Қазір халық қалаулыларының ай сайынғы табысы еңбек өтіліне, бұрынғы мемлекеттік қызмет тәжірибесіне және ғылыми дәрежелеріне байланысты 600 мыңнан 1 миллион теңгеге дейінгі аралықты құрайды.
«Еңбек өтіліне, қызметтегі жылдарына байланысты жалақы мөлшері әртүрлі. Ғылыми дәрежеңіз бен атақтарыңыз да ескеріледі. Мысалы, бұрын генерал немесе елші болған болсаңыз, тиісті үстемақы қарастырылады», – деді депутат.
Өз табысы мен отбасылық шығыны
Айдос Сарым өзінің жеке жалақысы миллион теңгеден сәл төмен екенін нақтылады. Сонымен қатар аталған қаражаттың отбасын асырауға толық жететінін атап өтіп, бұрынғы әріптесінің сөзіне де тұспалдап тоқталды.
«Менің жалақым миллион теңгеден сәл төмен, нақты сомасы есімде жоқ. Осында отырып жұмыс істеп жүргеніме қарағанда, әзірге жетіп жатыр. Бақытжан Базарбек сияқты әйеліме жұмысқа шық демедім», – деп әзілдеді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін экс-депутат Бақытжан Базарбек 900 мың теңге көлеміндегі табысы отбасының шығындары мен балалардың үйірмелеріне жетпейтінін айтып, сол себепті зайыбынан жұмысқа шығуды сұрағанын мәлімдеген болатын. Сарым бұл ретте мемлекеттік лауазымды тұлғалардың еңбекақысы заңмен бекітілген бірыңғай ережелерге сәйкес төленетінін жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







