Азияның ең мықты спортшылары жиналатын додада медальді тек талант емес, тұтас дайындық жүйесі шешеді. XX жазғы Азия ойындарына Қазақстан 558 спортшысын аттандырып, 35 спорт түрінен жүлдеге таласады, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Биылғы Азиадаға 45 елден 15 мыңға жуық спортшы қатысады. Жарыс барысында 469 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан құрамасы құрлық додасына саны жағынан да, дайындық ауқымы жағынан да ірі делегациялардың бірімен барады.
Қазақстан жазғы Азия ойындарына дербес құрама ретінде алғаш рет 1994 жылы Хиросимада қатысты. Содан бері ұлттық команда құрлық додасының бірде-бір маусымынан қалған жоқ. Жеңіл атлетика, бокс, жүзу, ауыр атлетика, күрес, дзюдо мен ескек есу дәстүрлі жүлде әкелетін бағыттарға айналды.
Медаль саны бойынша үздік көрсеткіш 2006 жылы Дохада тіркелді. Қазақстан құрамасы сол жарыста 23 алтын, 19 күміс және 43 қола медаль иеленіп, жалпы есепте 85 жүлде жинады. Құрлық ойындарындағы ең көп медаль көрсеткіші әлі күнге жаңарған жоқ.
Жеңілістен кейінгі жаңғыру
2014 жылы Инчхонда қазақстандық спортшылар 28 алтын, 23 күміс және 33 қола жүлде жеңіп алды. Жалпы саны 84 медаль болғанымен, алтын жүлде көрсеткіші Дохадағы нәтижеден жоғары болды. Ал 2022 жылғы Ханчжоу ойындарында Қазақстан жалпыкомандалық есепте 11-орынға түсіп, Азия ойындарындағы ең төмен нәтижесін көрсетті.
Ханчжоудағы нәтиже спорт жүйесіне тек медаль санымен емес, дайындық сапасымен қарау қажеттігін аңғартты. Биыл құраманы әзірлеу жұмысы жыл бойы бірнеше кезеңмен жүргізілді. Спортты дамыту дирекциясы 226 оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырып, спортшылар 68 спорт түрі бойынша 282 халықаралық жарысқа қатысты.
Қазақстан өкілдері 26 әлем чемпионатында, 71 Әлем кубогы кезеңінде және 37 Азия чемпионатында сынға түсті. Бұған қоса, спортшылар 148 халықаралық турнирде шеберлігін шыңдады. Осындай жарыстар бапкерлер штабына әр атлеттің нақты мүмкіндігін бағалап, Азиада алдындағы құрамды жасақтауға жол ашты.
Құраманың дайындығын күшейту үшін 13 спорт түрі бойынша 11 елден 24 шетелдік маман тартылды. Олар отандық бапкерлермен бірге жұмыс істеп, халықаралық тәжірибені жаттығу үдерісіне енгізді. Негізгі мақсат бір Азиадаға нәтиже дайындаумен шектелмей, келесі ірі жарыстарға қызмет ететін тұрақты жүйе қалыптастыруға бағытталған.
Кәсіби дамуға көңіл бөлінді
Дайындықтың қорытынды кезеңінде спортшылардың шамамен 80 пайызы Жапонияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Мұндай шешім атлеттердің уақыт белдеуіне, ауа райына және жергілікті жағдайға ертерек бейімделуіне мүмкіндік береді. Бұрын құрама мүшелерінің басым бөлігін жарыс өтетін елге алдын ала жеткізу тәжірибесі мұндай ауқымда қолданылмаған еді.
Жоғары жетістіктер спортына ғылыми қолдау көрсету үшін Performance Hub зерттеу тобы жұмыс істейді. Арнайы платформада спортшылардың физикалық және функционалдық жағдайы кешенді түрде тексеріліп, жаттығу циклдері ғылыми мәліметтер негізінде жоспарланады. Мұндай бақылау жүктемені дәл бөлуге, спортшының әлсіз тұсын анықтауға және жарақат қаупін төмендетуге көмектеседі.
Спорттық білім беру жүйесінде де жаңа мамандықтар енгізілді. Бұрын кадр даярлау негізінен мектептегі дене тәрбиесіне бейімделген «Дене шынықтыру» мамандығымен шектелсе, енді жаттықтыру, әдістеме, оңалту, инклюзивті және цифрлық спорт бағыттары қамтылып отыр. Министрлік мамандардың кәсіби дамуын қолдап, ғылыми негізделген заманауи спорт моделін орнықтыруды көздейді.
Қазақстан халықаралық спорт ұйымдарындағы өкілдігін де кеңейтіп келеді. Өткен жылы елімізге 19 халықаралық федерация мен ұлттық олимпиада комитетінің басшылары келді. Қазір олимпиадалық спорт түрлері бойынша 38 қазақстандық халықаралық ұйымдардың құрамында қызмет атқарады.
Азия ойындарына арналған ұлттық құраманың киім үлгісін жапониялық Mizuno компаниясы әзірледі. Дизайнда Азиаданың ортақ стилистикасы мен логотипінде кездесетін күлгін түс пайдаланылған. Министрлік үшін негізгі өлшем түстен бұрын киімнің сапасы, қолайлылығы және спортшыға жарыс кезінде кедергі келтірмеуі болып отыр.
Спорттық киімнің дизайны мен түсі 1 шілдеде өткен арнайы жиында таңдалды. Талқылауға Туризм және спорт министрлігінің, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің, федерациялардың өкілдері мен белгілі спортшылар қатысты. Лос-Анджелес Олимпиадасына арналған экипировканы әзірлеу конкурсы биыл күзде жарияланбақ.
Азиадада бапкер мен дәрігерге жол ашылды
Қазақстанда биыл алғаш рет Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада және басқа да ірі жарыстарға баратын спорт делегациясын қалыптастырудың бірыңғай нормалары бекітілді. Бұған дейін делегация құрамына қатысты ортақ сандық талап болған жоқ. Енді мамандар саны спортшылардың жалпы құрамына және жарыстың ерекшелігіне қарай есептеледі.
Басымдық спортшының дайындығы мен нәтижесіне тікелей ықпал ететін бапкерлерге, дәрігерлерге, массажшыларға және қалпына келтіру мамандарына беріледі. Алдағы кешенді жарыстарда министрлік қызметкерлерінің үлесі 3 пайыздан, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті өкілдерінің үлесі жазғы Олимпиадада 2 пайыздан аспауға тиіс. Осылайша делегация құрамындағы әкімшілік өкілдер саны шектеліп, кәсіби штабтың мүмкіндігі кеңейтіледі.
Ең үлкен квота бапкерлер құрамына қарастырылған. Бас бапкерлер, аға және жеке бапкерлер, сервисмендер мен кеңесшілер саны спортшылар санының 86 пайызына дейін жетуі мүмкін. Медициналық қызметкерлерге жазғы Олимпиадада 28 пайызға дейін, өзге жарыстарда 23 пайызға дейін квота беріледі.
Ұлттық олимпиада, паралимпиада және сурдлимпиада комитеттерінің өкілдері жазғы ойындарда спортшылар санының 13 пайызына дейін, қысқы жарыстарда 40 пайызына дейін делегация құрамына енгізіле алады. Мұндай тәртіп әрбір орынның спорттық қажеттілікке жұмсалуын және құрамның негізсіз ұлғаюына жол бермеуді көздейді. Азиада осы жаңа тәсілдердің іс жүзіндегі алғашқы үлкен сынақтарының біріне айналмақ.
Қазақстан құрамасының алдында Дохадағы медаль рекордын қуу ғана тұрған жоқ. Негізгі сын Ханчжоудағы сәтсіздіктен қорытынды шығарып, жаңа дайындық жүйесінің нәтижесін көрсету болмақ. Жапониядағы Азиада ұлттық спорттың қай деңгейге көтерілгенін медаль кестесінен де анық көрсетеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






