Алматыда коммуналдық ақылы автотұрақтардың тарифтік жүйесі 10 жылда алғаш рет қайта қаралып жатыр. Қалалық мәслихат сессиясында бірыңғай бағадан бас тартып, көшелердегі көлік жүктемесіне байланысты сараланған үш түрлі тариф енгізу ұсынылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мегаполисте автотұрақ құны орналасқан жеріне қарамастан сағатына 100 теңгені құрап келді. 2016 жылдан бері өзгермеген бірыңғай бағаның орнына аумақтық жүктеме мен бос орын тапшылығын ескеретін жаңа жүйе ұсынылып отыр.
Жобаға сәйкес, төлем мөлшері үш деңгейге жіктеледі:
Көлік қозғалысы салыстырмалы түрде аз аудандарда баға өзгеріссіз қалып, сағатына 100 теңге болады;
Орташа жүктемесі бар аймақтарда тұрақ құны сағатына 150 теңгеге дейін көтеріледі;
Сұраныс өте жоғары, бос орын тапшы қала орталығында және ірі сауда орындарының маңында сағатына 200 теңге төлеу көзделген.
Он жылдық тариф неге өз тиімділігін жоғалтты?
Мегаполисте қатынайтын автомобильдер саны 1 миллионнан асып, көлік инфрақұрылымына түсетін қысым еселеп артты. Сарапшылардың пікірінше, қолданыстағы тұрақты төлем орындардың тез босауына түрткі бола алмай қалған. Жүргізушілер бос тұрақ іздеп орталық көшелерді ұзақ уақыт айналып, қаладағы кептелісті одан әрі күрделендіріп отыр.
Алматы қаласының жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Ержан Диханбаев мәслихат отырысында өзгерістердің басты себептерін баяндады. Басқарма жетекшісінің сөзінше, тарифті саралау автотұрақ орындарының айналымын реттеп, қала орталығындағы тығыздықты бәсеңдетуге бағытталған.
«Бірыңғай тариф өзінің негізгі міндетін – тұрақ орындарының ауысымдылығын қамтамасыз етуді және әсіресе қаланың орталық бөлігінде бос орындардың болуын реттеуді тоқтатты. Жүргізушілер бос орын іздеуге ұзақ уақыт жұмсап, салдарынан көше желісіне қосымша жүктеме түсіреді. Сараланған жүйе орындардың айналымын арттыруға мүмкіндік береді», – деді басқарма басшысы.
Тұрғындар мен жеңілдігі бар азаматтарға не болады?
Ережеге енгізілетін жаңашылдықтар ақылы тұрақ аймағында тұратын қала тұрғындарының жағдайына кері әсер етпейді. Тұрғын үйлердің маңында тұратын азаматтар арнайы рұқсат ресімдеу арқылы өз үйлерінің жанындағы автотұрақ орындарын бұрынғыдай тегін пайдалану мүмкіндігін сақтайды.
Сонымен қатар әлеуметтік жеңілдігі бар азаматтар мен электромобиль иелері үшін де коммуналдық тұрақтарды тегін пайдалану тәртібі өзгермейді. Қала билігі дифференциалды төлем жүйесі көшелердегі екінші қатарға көлік қою тәртіпсіздігін азайтып, орталық бөліктегі кептелісті азайтуға нақты серпін береді деп күтуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







