Астанадағы «Астаналық» саябағында 19 қыркүйек күні баспаналардағы жануарлармен танысуға болатын «Кәнекей көмектесейік» қайырымдылық арт-пикнигі өтеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Іс-шараны үй жануарларын азықтандыру және күту саласындағы Purina бренді ұйымдастырып отыр. Жобаның негізгі мақсаты – панажайдағы ит пен мысықтарға жаңа үй табуға қолдау көрсету. Сондай-ақ жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін дамыту көзделген. Қала тұрғындары жануарлармен жақынырақ танысып, олардың тарихын біле алады және мамандармен кеңеседі.
Панажай жануарлары жаңа отбасымен қауышады
Арт-пикник алаңында елордалық 5 жануарлар панажайы таныстырылады. Келушілер панажай өкілдеріне сұрақтарын қойып, таңдаған төрт аяқты досын қажетті құжаттарды рәсімдеу арқылы бірден үйіне алып кете алады. Ұйымдастырушылар жаңа иелеріне жануардың бейімделуіне көмектесетін азық пен керек-жарақтар салынған арнайы сыйлық жиынтықтарын әзірлеген.
Purina PetCare компаниясының өңірдегі бизнесті дамыту жөніндегі менеджері Александр Каменский аталған шараның қоғамдағы жауапкершілікті арттыруға бағытталғанын атап өтті.
«Жазда бұл шара Алматыда сәтті өтті. Енді осы дәстүрді Астанада жалғастырып, күзгі маусымды ашуға қуаныштымыз. Purina үшін мұндай кездесулер жануарларға жауапкершілікпен қараудың және оларды үйіне алып кетуге дайын адамдарды қолдаудың маңызын тағы бір еске салуға мүмкіндік береді», – деді Александр Каменский.
Танымдық дәрістер мен шығармашылық бағдарламалар
Қайырымдылық шарасына келушілер үшін арнайы танымдық бағдарламалар қарастырылған. Қонақтар ветеринар, кинолог және грумерлердің дәрістерін тыңдай алады. Сонымен бірге балалар мен ересектерге арналған шығармашылық шеберлік сабақтары, аквагрим мен арнайы фотоаймақтар ұйымдастырылады.
«Спаси друга» панажайының өкілі Ажар Назарбекова мұндай кездесулердің жануарлар тағдыры үшін маңыздылығына тоқталды.
«Панажайдағы жануарлар үшін әлеуетті иелерімен кездесу – жаңа өмірге бастар жолдағы маңызды қадам. Осындай іс-шаралар адамдарға олармен жеке танысып, мінезі мен қажеттіліктерін білуге көмектеседі. Біз қамқорлығымыздағы жануарлардың көбіне бұл күн бақытты өмірдің бастауы болады деп үміттенеміз», – деді Ажар Назарбекова.
Қайырымдылық арт-пикнигі 19 қыркүйек күні сағат 11:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады. «Астаналық» мәдениет және демалыс саябағында өтетін шараға кіру барлық тұрғындар мен қала қонақтары үшін тегін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







