Әлемдегі ірі контейнер тасымалдаушылардың бірі MSC өзінің MEDLOG логистикалық компаниясы арқылы Қазақстан нарығына шығады. Серіктестік Құрық портын дамытуға және Орталық Азия жүктерінің Түркия мен Еуропаға шығуын кеңейтуге бағытталған, – деп жазады Ertenmedia.kz.
SEMURG INVEST пен MSC Group құрамындағы MEDLOG Poti LLC Женевада Sarzha Logistics компаниясындағы стратегиялық әріптестік туралы сатып алу-сату шартына қол қойды. Мәміле аяқталғаннан кейін MEDLOG пен SEMURG аталған компанияның тең құқылы серіктесіне айналады. Тараптар жергілікті инфрақұрылым мен халықаралық логистикалық желіні біріктіруді көздеп отыр.
Келісім Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы маусымда Брюссельде MSC компаниясының аға вице-президенті Эдуард Сигристпен кездесуінен кейін жасалды. Келіссөзде Қазақстандағы контейнерлендіру деңгейін көтеру, Орта дәлізді және Құрық портын дамыту мәселесі талқыланған. Мемлекет басшысы Орта дәлізді ел үшін стратегиялық басымдық деп атаған еді.
Sarzha Logistics Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстандағы контейнерлік жүк ағындарын басқаратын өңірлік платформа ретінде дамытылады. Ынтымақтастық аясында құрлық терминалдарын, құрғақ порттарды, теміржол және интермодальды инфрақұрылымды дамыту қарастырылған. Негізгі тірек Құрық портындағы SEMURG активтері болмақ.
Sarzha кластерінде жылына қосымша 5 млн тонна жүк өңдейтін қуат құру жоспарланған. Соның ішінде контейнерлік өткізу мүмкіндігі 110 мың TEU-ге дейін жетеді. Жоба Қазақстан мен Орталық Азия экспорттаушылары үшін Каспий арқылы Грузияға, одан әрі Түркия мен Еуропаға шығатын бағытты күшейтпек.
SEMURG INVEST бас директоры Нұржан Марабаевтың айтуынша, өңірге экспорттық бағыттарды әртараптандыратын сенімді көлік байланысы қажет. MSC пен MEDLOG мүмкіндіктерінің Құрықтағы инфрақұрылыммен бірігуі осы сұранысты нақты логистикалық жүйеге айналдырады.
MEDLOG әлем бойынша 470-тен астам логистикалық нысанды біріктіреді және жылына шамамен 10 млн TEU тасымалдайды. MSC желісі 155-тен астам елдегі 520 портты байланыстырады. Осындай ауқым Құрық портының Орта дәліздегі салмағын арттырып, Қазақстанның Каспийдегі батыс қақпасын нығайтуға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







