Қазақстандық кино саласындағы кезекті тартыс әлеуметтік желіде үлкен дауға ұласты. Прокатқа шыққан «Қара алтын» фильмінің төңірегіндегі пікірталасқа белгілі әзілкеш Нұрболхан Шараптың араласуы фильм продюсері Айсәуле Әбілданың ашық наразылығын тудырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Желідегі тұспал мен продюсердің ашық жауабы
Оқиға әзілкеш Нұрболхан Шараптың Threads желісінде фильм авторларын тұспалдап сынаған жазбаларынан басталды. Ол өз парақшасында кино жасаушыларды «шетелде білім алғандар», «өзгелердің туындысын кемсіту арқылы өз өнімін жарнамалап жатыр» және «халықты манипуляциямен кинотеатрға шақыруда» деген сыңайдағы айыптаулар жариялаған.
Мұндай сөздерді жауапсыз қалдырмауды ұйғарған продюсер Айсәуле Әбілда әзілкештің жеке басына үндеу жасап, екіжүзділікті доғаруды талап етті. Ол туындыны талқылап жатқан көрермендердің ой-пікірін арзан жарнамаға теңеуге болмайтынын, сонымен бірге зиялы қауым мен ғалымдардың берген жоғары бағасы шынайы екенін алға тартты.
«Нұрболхансыз күніміз қалай болар екен енді? Бықсытып не айта алмай жүрсіз өзі, Н мырза? Азаматсыз ғой, ашып айтсаңызшы міңгірлей бермей. Жұрт киноларды салыстырса – ол біздің маркетинг екен, бір көрермен назын айтса – тағы біздің манипуляция. Осы он күн бойы шулап жатқан елдің бәрі менің жеке танысым шығар мүмкін? Әлия Бөпежанова, Айгүл Ісмақова бастаған жүздеген өнер-ғылым өкілдерінің жоғары бағасын ақша беріп сатып алған шығармыз? А бірақ ондай контентті сіздер тұтынбайды екенсіздер ғой, ұмытып барам. Көрермен салыстырып жатса, соны бізден көре салу өздеріңізге ыңғайлы позиция болса, көрерсіздер енді. Қалай дегенде де, шын бағаны – өздеріңіз айтпақшы көрермен анықтайды, жігіттер! Ыңғайсыз сезімдер бәрінде болып тұрады, бірақ оны көрсете бермеу де – жігіттік. Әйтпесе, талдаймыз десек, сіздердің киноларыңызға да айтатын сөз жетеді, сіздерде жоқ әріптестік солидарносты әйел басыммен мен сақтап жүрмін», – деді Айсәуле Әбілда.
Әзілкештің қайтарған жауабы
Продюсердің ашық сынынан кейін Нұрболхан Шарап та қарап қалмады. Ол желідегі жауабында өзіне тағылған мінді мойындамай, керісінше фильм жасаушыларды сын көтере алмайды деп айыптады.
Сондай-ақ әзілкеш отандық киноға бармаған қарапайым көрерменге қатысты айтылған пікірлерді алға тартып, өз ұстанымын қорғауға тырысты.
«Әпше, қойшы, өзім соғыстан кеше келдім. Енді сенімен алысатын уақыт жоқ. Менсіз жасай бер маркетингті. Кино түсірдім деп шетімізден аузын ашқанның бәрін қырып баратсыз ғой. Бармаған халықты кінәләп бәрін ЧМО дегенге қосылып отырсаңыз, онда ниетіңізге қарай касса бұйырсын. Сәттілік!», – деп жауап қайтарды Нұрболхан Шарап.
Кәсіби пікірталас па, әлде ашық қысым ба?
Осы жауаптан кейін де желідегі дау саябырсыған жоқ. Әзілкеш өз парақшасында авторлардың шетелдік білімін келеке етіп, «марста оқып келсеңіздер де» деген сарындағы жазбаларын жалғастырды. Оған қоса, «Қара алтын» туындысын қолдап пікір қалдырған қарапайым оқырмандармен жеке-жеке сөзге келіп, дауды одан әрі ушықтыра түсті.
Бұл жағдай желі қолданушыларының арасында түрлі пікір туғызды. Көпшілік тарап әзілкештің әрекетін кәсіби талқылау шеңберінен шығып кеткенін, отандық фильм ұсынған әйел кинопродюсерге бағытталған орынсыз қысым мен кибербуллингке ұқсайтынын жарыса жазуда. Кино сүйер қауым өнердегі салауатты бәсекелестік мұндай деңгейге түспеуі керектігін айтып, алаңдаушылық білдіріп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







