Ұлттық банктің шетел валютасындағы депозиттер бойынша шекті мөлшерлемені ырықтандыру, яғни банктердің өзіне пайызды еркін белгілеуге мүмкіндік беру бастамасы қаржы нарығында қызу пікірталас туғызды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сарапшылар мұндай қадамның ұлттық валютаға, жалпы экономикаға және қарапайым салымшылардың таңдауына қалай әсер ететінін талдады.
Дедолларизация жемісі: доллар үлесі неге азайды?
Қаржыгер Айгерім Ілиясованың айтуынша, кезінде валюталық салымдарға қатаң шектеулер қою теңгені қорғау және экономиканы долларсыздандыру мақсатында қолға алынған. Себебі бұған дейін халықтың басым бөлігі теңге құнсызданады деген қауіппен жинағын көбіне шетелдік валютада ұстайтын. Қазір жағдай түбегейлі өзгерді.
Қаржыгер салымдардың негізгі салмағы теңгеге ауысқанын нақты деректермен түсіндірді.
«Қазіргі таңда жалпы депозиттердегі доллардың үлесі небәрі 18 пайызға дейін азайды. Оның ішінде заңды тұлғалардың валюталық салымы – 22 пайыз, ал халықтың жинағында небәрі 15 пайыз көлемінде ғана. Демек, халық жинағының 85 пайызы теңгеде сақтаулы. Бұған теңгелік салымдар бойынша ұсынылған жоғары мөлшерлеме мен соңғы уақыттағы ұлттық валютаның нығаюы тікелей ықпал етті. Долларсыздандыру деңгейі айтарлықтай төмендегендіктен, Ұлттық банк шектеулерді ұстап отырудың қажеттілігін көрмей, банктерге өз бетінше мөлшерлеме белгілеу құқығын беруді ұйғарды», – деді Айгерім Ілиясова.
Сондай-ақ оның сөзінше, бұл өзгеріс компанияларға айтарлықтай әсер етпейді. Себебі валюталық бақылау талабына сәйкес, кәсіпорындар сатып алған долларды 10 күн ішінде нақты импорттық келісімшарттарға бағыттауы тиіс, оны депозитте еркін ұстап отыра алмайды.
Валюта түсімі және нарықтағы тепе-теңдік
Экономика ғылымдарының докторы Сұлтан Әбілдаев мәселеге ақша массасы мен экспорттық түсім тұрғысынан баға берді. Оның пікірінше, Қазақстанның экспорттық тауарларының басым бөлігі шетелдік валютаға сатылатындықтан, елге түсетін доллар легі бірқалыпты деңгейде сақталып отыр.
Ол реттеуші органның ақша массасын теңгерімде ұстау тәсілі нарық заңдылығына сай келетінін жеткізді.
«Экономикадағы ақша массасында қазір доллардың үлесі қомақты. Экспорттық өнімдеріміздің шамамен 80 пайызы шетел валютасымен сатылады. Ел ішіндегі доллар ағыны бақылауда болып, банктер арқылы реттелгені дұрыс. Бұрын баспана мен көлікті тек долларға бағалайтын кездер болды. Қазір жұрттың теңгеге деген сенімі оянды. Валюталық салымдардың пайыздық мөлшерлемесі көтерілсе, ол нарықты теңгеріп, ұзақ мерзімді перспективада несие бағасын да арзандатуға мүмкіндік береді», – деп санайды ғалым.
Теңге бағамына қандай факторлар ықпал етеді?
Сарапшылардың пікірінше, теңге бағамына тек депозит пайыздары ғана емес, іргелі экономикалық көрсеткіштер әсер етеді. Айгерім Ілиясова ұлттық валютаның күшеюіне бірінші кезекте әлемдік нарықтағы мұнай мен металл бағасының қымбаттауы және сауда балансындағы экспорттың импорттан басым түсуі сеп болғанын еске салды. Бұған қоса, бюджет есептеулерінде алдағы кезеңдер үшін бағамның орташа тепе-теңдік межесі 480 теңге деңгейінде қарастырылғаны аталды.
Ал инфляцияны тізгіндеу бағытында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мекеменің негізгі мақсаты инфляцияны тек бір таңбалы көрсеткіште ұстап қана қоймай, 2028 жылға қарай тұрақты 5 пайыздық деңгейге түсіру екенін мәлімдеген. Бас банкирдің сөзінше, бұл мақсатқа жету үшін ақша-несие саясатының қатаңдығы біраз уақыт сақталады.
Қаражатты қай валютада сақтаған тиімді?
Сұхбат барысында мамандар қарапайым азаматтарға жинақты қай валютада ұстау керектігі жөнінде кеңес берді.
Айгерім Ілиясова салымшылар ақшаны қай валютада жарататынына қарап таңдау жасауы керек деп есептейді:
- Күнделікті қажеттілік пен қауіпсіздік қоры: күтпеген шығындарға арналған қаражатты теңгеде сақтаған тиімді, өйткені қазіргі теңгелік депозиттердің кірістілігі өте жоғары;
- Шетелдегі шығындар: егер алда шетелге саяхат, емделу немесе оқу жоспарланса, қаражатты бірден доллармен жинақтаған абзал;
- Ұзақ мерзімді жинақтар: инвестициялық кезең неғұрлым ұзақ болса, жинақтың белгілі бір үлесін валютада сақтаудың маңызы соғұрлым арта түседі.
Сұлтан Әбілдаев болса, қаржы саласында бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі «үш себет» тәсілін еске салды. Ғалым қаражатты бір валютада ұстамай, тәуекелдерді азайту үшін салымның 50 пайызын теңгеге, 25 пайызын долларға, қалған 25 пайызын еуроға бөлген жөн деп санайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







