Каспий теңізіндегі әскери жаттығу кезінде 12 әскери қызметшінің қаза табуына байланысты екі қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы мен зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету мәселелері Ақтауда Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтік комиссия отырысында қаралды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Тергеу екі бап бойынша жүргізіледі
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің мәліметінше, қылмыстық істер Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі және 465-бабы бойынша қозғалған. Бірінші іс ауыр зардапқа әкелген қызметке салғырт қарау дерегіне қатысты. Екінші іс бойынша кеме жүргізу қағидаларының бұзылғаны тексеріледі.
Тергеу үшін ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылды. Мамандар тергеу және жедел іздестіру шараларын жүргізіп, қажетті сот сараптамаларын тағайындаған. Қанат Бозымбаев оқиғаның барлық мән-жайын қысқа мерзімде толық анықтап, кінәлі тұлғаларға қатысты заң аясында шара қолдануды тапсырды.
Үкіметтік комиссия отырысына ішкі істер, төтенше жағдайлар, еңбек, денсаулық сақтау және көлік салалары басшылары қатысты. Сонымен бірге ҰҚК Шекара қызметі директорының орынбасары, Бас әскери прокурор және Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай баяндама жасады. Комиссияның жұмысы жалғасып жатыр.
Отбасыларға көрсетілетін көмек бақылауға алынады
Отырыста қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына әлеуметтік және материалдық қолдау көрсетуге ерекше назар аударылды. Қанат Бозымбаев мемлекет заңнамада көзделген көмекті толық қамтамасыз ететінін айтты. Бұған қоса қоғамдық ұйымдар мен бизнес өкілдерінен қолдау көрсету туралы ұсыныстар түсіп жатыр.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері отбасыларға материалдық көмек беруге дайын екенін мәлімдеді. Кеңес мүшелерінің бірі әрбір қаза тапқан әскери қызметшінің отбасына 25 млн теңгеден бөлген. Бірқатар ірі кәсіпкер де қаржылай қолдау көрсетуге ниет білдірді.
Вице-премьер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлесіп, барлық қаражаттың бөлінуін ашық бақылауды тапсырды. Оның сөзінше, көмек әр отбасына атаулы түрде және толық көлемде жетуге тиіс. Жиналған қаржының жұмсалуы жөнінде нақты есеп жүргізіледі.
Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов ауруханаға жеткізілген әскери қызметшінің жағдайы тұрақты екенін хабарлады. Оның өміріне қауіп жоқ, қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Құтқарылған қалған әскери қызметшілер де дәрігерлер бақылауында.
24 қыркүйекте Каспийде оқу-жауынгерлік тапсырма орындалып жатқанда ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген. Теңізге 17 адамды алып кетіп, олардың 12-сі қаза тапты, үшеуі құтқарылды. Табылмаған екі әскери қызметшіні іздестіру тәулік бойы жалғасып жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







