Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында қызметтік борышын өтеу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты №334 өкімге қол қойып, 25 қыркүйекті елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Каспий жағалауындағы төтенше жағдай
Қайғылы оқиға 24 қыркүйек күні Ақтау қаласынан шамамен 43 шақырым жерде, Каспий теңізі жағалауында орын алды. Әскери-теңіз күштерінің жоспарлы оқу-жаттығуы кезінде әскери кемеден жағаға десант түсіру тапсырмасын орындау барысында ауа райы кенеттен бұзылып, дауылды екпінді жел көтерілген.
Толық әскери киім-жарақ пен жабдықта болған жауынгерлер тереңдікке тап болып, күшті толқын 19 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен. Оқиға орнына жедел түрде құтқару қызметтері жұмылдырылды.
Іздестіру жұмыстары және сарбаздың жағдайы
Соңғы ресми деректер бойынша, теңізге кеткен 19 адамның тоғызының қаза тапқаны расталды, кейін іздестіру барысында тағы да сарбаздардың денесі жағаға шығарылғаны хабарланды. Құтқарушылар үш әскери қызметшіні судан аман алып шықты.
Зардап шеккендердің бірі шұғыл түрде Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына жеткізілген. Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, қазіргі уақытта науқас дәрігерлердің жіті бақылауында жатыр. Оған қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде, жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр.
Суға кеткен өзге сарбаздарды іздестіру-құтқару операциясы үздіксіз жүруде. Оқиға аумағына Әскери-теңіз күштері, Төтенше жағдайлар министрлігінің жеке құрамы, Шекара қызметінің күштері және авиациялық тікұшақтар тартылған.
Мемлекеттік көмек және үкіметтік комиссия
Президент қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына қайғырып көңіл айтып, мемлекет тарапынан жан-жақты көмек пен әлеуметтік қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Қайғылы жағдайдың мән-жайын анықтау мақсатында Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен арнайы Үкіметтік комиссия құрылды. Вице-премьер Қанат Бозымбаев басқаратын комиссия құрамына Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов, облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай, Бас әскери прокурор Дастан Секенов және бірқатар министрлік жетекшілері кірді. Олар оқиға орнына шұғыл жетіп, тексеру амалдарын бастады.
Қылмыстық іс және қатаң тергеу
Ақтау гарнизонындағы оқу-жаттығу барысында адам өліміне әкеп соққан факті бойынша Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады.
Тергеуді жүргізу үшін Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктері мен прокуратура өкілдерінен тұратын арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Қазіргі уақытта жаттығуды ұйымдастыру барысында қауіпсіздік талаптарының сақталуы тексеріліп, қажетті сот сараптамалары тағайындалды. Істің тергелу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







