Мемлекеттік тапсырыс, азаматтық қоғам және қоғамдық бақылау мәселелеріне салғырт қарамау керектігін Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясының негізгі отырысында айрықша атап өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мәселенің мәнісін тарқатып айтайық. Тілге тиек болып отырған қоғамдық ұйым дегеніміз аты бар да заты жоқ ұйым болмауға тиіс. Оның басты өлшемі – қоғамға нақты пайда әкелуі, азаматтардың мүддесін қорғауы және өз қызметінің нәтижесі үшін жауап беруі шарт. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында көтерген мәселесі азаматтық қоғамның сапасына қатысты маңызды сұрақтарды күн тәртібіне шығарып отыр.
Президент кейбір республикалық қоғамдық бірлестіктердің іс жүзінде нақты жұмысы жоғын, тек қағаз жүзінде «өмір сүретінін» айтты. Тіпті кейбірінің атқарып отырған қызметі басқа, мазмұны мүлдем бөлек болуы мүмкін. Жекелеген жағдайларда мәселе алаяқтық схемаларға дейін жететіні де жасырын емес. Мемлекет басшысы мұндай фактілер құқық қорғау органдарының қарауына ұсынылып, бақылауында болуы тиіс екенін атап өтті.
Азаматтық институттардың жауапкершілігі
Қазақстанда азаматтық қоғам институттарының дамуына ерекше мән беріліп отыр. Қоғамдық кеңестер, сараптамалық алаңдар, үкіметтік емес ұйымдар мен түрлі қоғамдық бірлестіктер мемлекеттік органдар мен азаматтардың арасындағы байланысты нығайтуға атсалысуы қажет.
Бірақ кейбір қоғамдық ұйымның формалды түрде тіркеліп алып, қоғамға қажетті институтқа айналмай отырғаны да жасырын емес. Азаматтардың нақты мәселесін көтермейтін, қоғамдық пікір қалыптастыруға қатыспайтын, өз қызметінің нәтижесін көрсете алмайтын ұйымдардың көбеюі – азаматтық қоғам институттарының беделіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан Президенттің сыны белгілі бір ұйымдарға ғана қатысты мәселе емес. Бұл – қоғамдық сектордың өзіне қойылатын сапалық талапты күшейту қажеттігін көрсететін дабыл.
Қоғамдық ұйым халықтың атынан сөйлейтін болса, онда оның қоғам алдындағы жауапкершілігі де жоғары болуы керек. Қандай мәселе көтерілді? Қандай ұсыныс жасалды? Оның нәтижесі қандай? Азаматтардың өтініштері қалай қаралды? Мемлекеттік органдарға қандай нақты ұсыныстар берілді? Осындай сұрақтарға жауап беретін есеп мәдениеті қоғамдық институттардың жұмысының негізгі көрсеткішіне айналуы қажет.
Мемлекеттік тапсырыс: баға емес, сапа мен нәтиже
Президенттің мемлекеттік тапсырысты тек қаражат игерудің құралына айналдыруға болмайтыны туралы ескертуі де ерекше назар аударуды қажет ететін тақырып. Мемлекеттік тапсырыс қоғам үшін маңызды жобаларды жүзеге асыруға, әлеуметтік мәселелерді шешуге, азаматтық бастамаларды қолдауға бағытталуы қажет. Ал егер қандай да бір ұйым тек мемлекеттік қаржыға қол жеткізу үшін ғана құрылып, нақты жұмысы жоқ болса, ондай ұйымның қажеті қанша?
Мемлекет басшысы дәл осындай «қызмет ұсынушы» ұйымдарға тосқауыл қоятын уақыттың жеткенін айтты. Бұл ұстаным мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуымен қатар, азаматтардың мемлекетке деген сеніміне де тікелей байланысты. Өйткені бюджет қаржысы – белгілі бір мекеменің немесе ұйымның меншігі емес, қоғамның ортақ қаражаты.
Сондықтан мемлекеттік тапсырыстың тиімділігі оның қанша қаржы игерілгенімен емес, сол қаржының нәтижесінде қандай қоғамдық мәселе шешілгенімен өлшенуі керек.
Бұл тұрғыдан алғанда, мемлекеттік сатып алуда «баға емес, сапа» қағидатына басымдық беру, ашықтықты арттыру және қоғамдық мониторингті күшейту жөніндегі Президенттің бұған дейінгі бастамалары дәл осы мәселемен де сабақтасып жатыр.
Қазақстан Халық Кеңесінің рөлі
Президент жаңадан құрылған Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелеріне осындай мәселелерді шешуге атсалысу керектігін айтты. Мемлекет басшысы жаңа органды қоғамдық мәселелерді шешуші орган дәрежесіне айналдыру қажеттігін атап өтті. Қазір елде қоғамдық кеңестерді, сараптамалық алаңдарды және басқа да консультативтік құрылымдарды қоса алғанда, азаматтық қоғаммен жұмыс істейтін көптеген институт бар. Алайда олардың қызметінде бір-бірін қайталайтын функциялар мен бытыраңқылық кездесетіні айтылды. Халық Кеңесі осы қоғамдық әлеуетті үйлестіріп, ұсыныстарды жүйелеуі тиіс. Бұл – жаңа институтқа жүктелетін маңызды міндет.
Қазақстан Халық Кеңесі тек кезекті пікірталас алаңы болып қалмауы керек. Оның негізгі құндылығы – қоғамнан келетін ұсыныстарды жүйелеп, сараптамадан өткізіп, олардың мемлекеттік саясатқа ықпал ету мүмкіндігін арттыруында.
Бұған дейін Мемлекет басшысы қоғамдық институттардың тиімді жұмыс істеуі әділетті және дамыған мемлекетті қалыптастырудың маңызды шарты екенін атап өткен болатын. Жаңа Қазақстан Халық Кеңесі қоғамдық кеңестер, мәслихаттар, сараптамалық алаңдар мен азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдерін біріктіретін жоғары консультативтік орган ретінде қарастырылған. Демек, оның қызметіне қойылатын талап та жоғары болуы заңды.
Президенттің тапсырмасы осы тұрғыдан алғанда азаматтық қоғамға қойылатын талапты нақтылай түседі: қоғамдық мәртебе – артықшылық емес, жауапкершілік. Ал мемлекеттік тапсырыс – табыс табудың оңай жолы емес, қоғам алдындағы міндетті орындауға арналған құрал.
Мемлекет пен азаматтық қоғам бір-біріне қарсы тұрған тараптар емес. Керісінше, олардың ортақ мақсаты – азаматтардың мүддесін қорғау және елдің орнықты дамуына жағдай жасау. Нағыз қоғамдық ұйым мемлекеттік органды сынаумен ғана шектелмейді. Ол мәселені анықтап, оның себептерін зерттеп, шешу жолын ұсынады. Мемлекеттік шешімдерді талқылауға қатысады, қоғамның пікірін жеткізеді және өз ұсынысының нәтижесіне жауап береді. Сондықтан бүгінгі таңда қоғамдық ұйымдардың санынан гөрі сапасына мән беру маңызды.
Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы да осы жаңа қоғамдық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Оның аясында азаматтық бастамалар бір жүйеге түсіп, сараптамалық ұсыныстар нақты шешімдерге ұласса, мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың мазмұны да өзгереді.
Бүгінде қоғамға да, мемлекетке де атауы көп, мазмұны аз құрылымдар емес, нақты нәтижеге жұмыс істейтін институттар қажет. Сондықтан Мемлекет басшысы көтерген мәселенің түпкі мәні – жекелеген қоғамдық ұйымдардың қызметін тексеруде ғана емес. Бұл – азаматтық қоғамның сапасын арттыру, мемлекеттік қаражаттың тиімділігін қамтамасыз ету және қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайту мәселесі. Қоғамдық ұйымның шынайы бағасы оның маңдайшасымен емес, халық үшін атқарған нақты ісімен өлшенуге тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







