Шығыс Қазақстан облысында жалпы құны кемінде 110 миллиард теңгені құрайтын ірі өндірістік жоба жүзеге асады. Тиісті келісімге «Қазақстан – Қытай» форумы барысында облыс әкімдігі мен «East Motors Corporation» серіктестігі қол қойды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Инвестициялық жоба жеңіл автомобильдер, арнайы техника, жүк көліктері мен заманауи қозғалтқыштар шығаратын өндірістік кешенді салуды және оны қайта жаңғыртуды көздейді.
Кезең-кезеңімен өсетін қуаттылық
Жаңа кәсіпорында өндіріс сатылап дамиды. Жұмыс алдымен ірі торапты жинақтаудан (DKD/SKD) басталып, кейін ұсақ торапты жинақтауға (CKD) көшеді. Одан кейінгі кезеңде кузовты дәнекерлеу және бояу жұмыстары толықтай жолға қойылады.
Кәсіпорын жобалық қуатына жеткенде жылына 80 мың бірлікке дейін техника шығарады және кемінде 500 тұрақты жұмыс орнын ашады.
Алғашқы кезеңнің өзінде өндіріс алаңында кемінде 150 маман еңбек етеді.
Жеңіл және жүк көліктері қалай құрастырылады?
Жеңіл автомобиль бағыты бойынша инвестор құны кемінде 18 миллион АЕК болатын өндірістік қуатты қалыптастыруға міндеттенді. Мұнда екі ауысымды кестемен жылына кемінде 25 мың көлік құрастырылады. Өндірістік цикл дәнекерлеу, катафорездік өңдеу, бояу және түпкілікті жинақтау кезеңдерін түгел қамтиды. Негізгі құралдарға салынатын қосымша инвестиция көлемі 2 миллион АЕК-тен кем болмайды.
Жүк көліктері, тартқыштар мен арнайы техника желісіне құны кемінде 3,5 миллион АЕК болатын актив жұмылдырылады. Нәтижесінде жылына кемінде 10 мың өнім шығару жоспарланған. Зауытта металды кесу мен июден бастап, кабиналар, кузовтар және аспалы жабдықтар өндірісіне дейін толық ұйымдастырылады.
Дайындық кезеңі аяқталған соң жобаға құйылған капитал кемінде 110 миллиард теңгеге жетіп, оқшаулау үлесі 50 пайыздан асады.
Жоба аясында металл бетін дайындау, астар жағу, негізгі бояу, лак жағу және жылтырату учаскелері бар заманауи бояу кешені бой көтереді. Бұл бағыттың өзіне кемінде 100 мың АЕК көлемінде қосымша қаржы салынады.
Өнімді экспорттау жоспары
Кәсіпорында құрастырылған көліктер тек ішкі нарыққа ғана емес, шетке де жөнелтіледі. Өнімдерді Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне, Орталық Азия мемлекеттеріне және басқа да шетелдік нарықтарға экспорттау көзделген.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







