Шымкент қаласындағы қонақүйлердің бірінде есірткі заттарын заңсыз сақтады деген күдікпен Астана қаласының 36 жастағы тұрғыны қолға түсті. Тәртіп сақшылары ұстаған күдікті – бұған дейін тойдағы оғаш әрекеттерімен желіні шулатқан танымал асаба Сабыржан Түзелбаев, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қонақүй бөлмесіндегі тінту және тәркіленген заттар
Полиция қызметкерлері жедел іс-шара барысында қонақүй кешендерінің бірінде тінту жүргізген. Нөмірден ақ түсті ұнтақ тәріздес заты бар полимерлі қалташа мен өсімдік тектес белгісіз зат табылып, тәркіленді.
Тексеру кезінде күдіктінің жанында интимдік қызмет көрсететін әйел адам болғаны анықталды. Ұсталған азамат полицияға берген алғашқы жауабында тәркіленген заттардың мефедрон және «көкнәр» (мак) екенін, оны жеке өзі тұтыну үшін сатып алғанын айтып түсіндірген.
Қазір алынған заттардың нақты құрамы мен көлемін анықтау мақсатында тиісті сот-химиялық сараптамалары тағайындалды.
Сотқа дейінгі тергеу
Полиция департаменті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шараларын бастады. Тергеу органдары есірткінің қайдан және қалай алынғанын анықтап жатыр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпараттар жария етуге жатпайтыны хабарланды.
«Өртің көп болсын» тілегінен басталған дау
Сабыржан Түзелбаев желіде «супер тамада» ретінде танылып, ерекше әрі шектен тыс ашық жүріс-тұрысымен жиі көзге түсетін.
Ол әсіресе өткен айларда өткен тойлардың бірінде өрт сөндіру қызметінде істейтін азаматқа «өртің көп болсын» деп тост айтып, қалың көпшіліктің ашу-ызасын тудырған еді. Қоғамда оның асабалық мәнері, қонақтармен бейәдеп әзілдесуі мен орынсыз қылықтары бірнеше рет өткір сынға ұшыраған болатын. Енді даукес шоуменнің үстінен есірткіге байланысты қылмыстық іс қозғалып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







