Шымкентте Шәмшидин Жарқынбекұлының 75 жылдығына арналған көкпардан республикалық турнир басталды. Үш күндік додада төрт команда 10 млн теңге жүлде қоры үшін сынға түседі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жарысқа Қазақстанның бірнеше өңірінен келген 18 жастан асқан спортшылар қатысып жатыр. Шабандоздар алаңда жылдамдық, төзімділік, ат үстіндегі шеберлік және командалық үйлесімін көрсетуде.
Алғашқы кездесулердің бірінде «Ынтымақ» командасы Жамбыл облысының көкпаршыларымен ойнады. Жамбылдықтар басымдық танытып, қарсыласын 12:1 есебімен жеңді.
«Ынтымақ» ойыншысы Нұрбақыт Дайырбек жеңіліске қарамастан, команда жаттығуды жалғастыратынын айтты. Төрт жылдан бері көкпармен айналысатын спортшы алдағы жарыстарда жақсы нәтиже көрсетуге ниетті.
Төрт команда екі топқа бөлінді
Турнир екі кезеңнен тұрады. Алдымен төрт команда екі топқа бөлініп, өзара мықтыны анықтайды.
Топ жеңімпаздары финалда бас жүлдені сарапқа салады. Екінші орын иелері қола медаль үшін алаңға шығады.
Бас бапкер Жұлдызхан Тайырбековтің айтуынша, ұйымдастырушылар бастапқыда қатысушы саны бұдан көп болады деп күткен. Алайда өтінім берген командалардың барлығы Шымкентке келе алмаған.
Жарысқа Жамбыл және Алматы облыстарының өкілдері мен Шымкент командасы қатысып жатыр. Қатысушылар санын толықтыру үшін жергілікті жастардан тағы бір құрама жасақталған.
Жеңімпазға 5 млн теңге беріледі
Турнирдің жалпы жүлде қоры 10 млн теңгені құрайды. Бірінші орын алған командаға 5 млн, екінші орынға 2,5 млн теңге беріледі.
Үшінші орын иегері 1 млн теңге алады. Төртінші орынға тұрақтаған командаға 500 мың теңге табысталады.
Ұйымдастырушылар үздік ойыншыны да арнайы марапаттайды. Сонымен бірге шабуыл мен қорғаныста ерекше көзге түскен сәйгүліктерге жекелеген жүлде қарастырылған.
Республикалық турнир көкпарды кеңінен насихаттап, тәжірибелі шабандоздар мен жергілікті жастардың шеберлігін шыңдауды көздейді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер үш күндік бәсекенің қорытындысы бойынша анықталады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







