Жапонияның Айти мен Нагоя қалаларында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында спорттық жүрістен алтын медаль жеңіп алған қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаеваның нәтижесі түпкілікті жойылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Төрешілер алқасы отандасымызды жарыстан шеттету туралы шешім қабылдап, жеңімпаздар тізімін қайта бекітті.
Отандасымыз әйелдер арасындағы 42 шақырымнан асатын марафондық спорттық жүрісте мәре сызығын бірінші болып кескен еді. Ол қашықтықты 3 сағат 22 минут 20 секундта еңсеріп, ең жақын қарсыласынан төрт минутқа жуық уақыт озып кеткен болатын. Алайда мәреге жеткеннен кейін қарсыластары тарапынан ресми наразылық түсіп, сайыс нәтижесі күмәнге ілінді.
Кроссовка ережесі жеңісті тартып алды
Ұйымдастыру комитетінің ресми мәліметінше, жеңілатлеттің жарыс жолынан шеттетілуіне оның жарысқа киіп шыққан аяқ киімі себеп болған. Қарсыластар спортшының кроссовкасы Дүниежүзілік жеңіл атлетика федерациясының (World Athletics) арнайы талаптары мен рұқсат етілген жабдықтар тізіміне сәйкес келмейтінін алға тартып, шағым түсірген. Төрешілер мен техникалық делегаттар ұзақ талқылаудан кейін ереже бұзылды деген байламға келіп, нәтижені толықтай жоққа шығарды.
Шешімнің өзгеруіне байланысты жүлделер қайта бөлінді. Бас жүлде күміс алған Қытай өкілі Даньцзэн Цюйцзунге табысталса, оның отандасы Ма Ли күміс жүлдегер атанды. Үздік үштікті жапониялық Юкико Умено түйіндеді.
Спортшының жан сыры
Ауыр шешімнен кейін отандасымыз әлеуметтік желідегі парақшасында жанкүйерлеріне үн қатып, басынан өткерген эмоциясын жасырмады. Өзіне сенім артқан барша жандарға алғыс айтқан спортшы қиындыққа қарамастан үлкен спорттағы күресті жалғастыратынын жеткізді.
«Нәтиже жойылды. Біз соңына дейін күрестік. Осындай өткінші эмоциялар үшін кешірім сұраймын. Мен елге алтын медаль сыйлауды қатты қаладым. Бірақ Құдайдың жазғаны басқа болды. Жағдай мені арманымнан бас тартқыза алмайды. Соңына дейін мен үшін күрескен барлық қаһарманыма алғыс айтамын. Бүгін мені мың бөлшекке бөліп тастады», – деп жазды Ясмина Тоқсанбаева.
Спортшының нәтижесі жойылғаннан кейін Қазақстан қоржынындағы алтын жүлделер саны сегізге қайта түсіп, командалық есептегі жағдайға да өзгеріс енгізілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







