Қазақстандағы ең ірі қаржы ұйымдарының бірі Kaspi.kz 2 қазаннан бастап теңгедегі жинақтаушы депозиті бойынша тиімді сыйақы мөлшерлемесін 18 пайызға дейін төмендетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Банктің хабарлауынша, аталған өзгеріс Ұлттық банктің ақша-несие саясатына және базалық мөлшерлеме динамикасына байланысты қабылданған. Енді жаңадан ашылатын салымдар бойынша жылдық номиналды мөлшерлеме 16,67 пайызды, ал жылдық тиімді мөлшерлеме 18 пайызды құрайды. Бұған дейін аталған депозиттің тиімді сыйақысы 19 пайыз деңгейінде белгіленіп келген еді.
Бұрын ашылған депозиттерге әсері қандай?
Сыйақы мөлшерлемесінің төмендеуі бұрын ашылған салымдарға бірден әсер етпейді. Егер азамат бұл өнімді 2 қазанға дейін ашып үлгерген болса, қолданыстағы 19 пайыздық мөлшерлеме қолданыстағы шарттың үш айлық мерзімі толық аяқталғанға дейін өз күшінде сақталады.
Алайда үш ай өткен соң салым автоматты түрде келесі кезеңге ұзартылған сәтте жаңа талаптар күшіне енеді. Яғни қаржы автоматты пролонгациядан өткен күннен бастап үстемақы 18 пайыздық мөлшерлеме бойынша есептеле бастайды.
Жинақтаушы салымның өзге шарттары
Пайыздық кірістің азайғанына қарамастан, жинақтаушы өнімнің өзге де негізгі талаптары өзгеріссіз қалды. Салымды рәсімдеу үшін ең төменгі бастапқы сома – 100 000 теңге, ал орналастырудың ең қысқа мерзімі – 3 ай.
Салымды мерзім ішінде қосымша ақша салып толықтыруға рұқсат етілгенімен, қаражатты кез келген уақытта шешіп алуға шектеу қойылған. Сыйақыны жоғалтпай, ақшаны толық немесе ішінара алу тек үш айлық мерзім аяқталып, салым ұзартылатын нақты күні ғана мүмкін болады. Егер клиент ақшаны мерзімінен бұрын шұғыл алатын болса, жинақталған барлық пайыздық сыйақысынан айырылады.
Кәдімгі депозиттерге өзгеріс енген жоқ
Енгізілген жаңашылдық тек қысқа мерзімді жинақтаушы өнімге ғана қатысты. Ал халық арасында кеңінен сұранысқа ие кәдімгі Kaspi Депозит бойынша талаптар бұрынғысынша қалды.
Атап айтқанда, қарапайым салым бойынша теңгедегі жылдық тиімді мөлшерлеме 15 пайыз деңгейінде сақталып отыр. АҚШ долларындағы салымдар бойынша да сыйақы өзгерген жоқ, ол жылына 1 пайызды құрайды. Мұндай салымдардан ақшаны қажеттілігіне қарай 15 күн өткен соң комиссиясыз алу және қайта салу мүмкіндігі толық сақталған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







