Президент Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің отырысы мен халықаралық IT-форумда сөз сөйлеп, жаңа технологиялардың адамзатқа әкелетін орасан зор мүмкіндігі мен қатерлеріне қатысты салмақты пайымын білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект әлемдік экономиканың келбетін түбегейлі өзгертіп жатқан басты мегатрендтердің бірі екенін атап өтті. Бүгінде мемлекеттер арасындағы бәсеке тек табиғи ресурстар мен нарық үшін ғана емес, ең алдымен өндіріс тиімділігі мен инновациялық жылдамдық үшін қыза түскен. Сондықтан Қазақстанның осы тарихи мүмкіндікті қалт жібермеуі аса маңызды.
Қазіргі заманның мықты қаруы
Президент жаңа технологиялардың мүмкіндігі кеңейген сайын оның адамзат үшін тәуекелдері де еселенетінін ескертті. Киберқауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және алгоритмдердің ашықтығы мәселелері бүкіл әлем үшін күн тәртібіне шығып отыр.
«Шын мәнінде, жасанды интеллектіні қазіргі заманның мықты құралы, тіпті қаруы деп те айтуға болады. Сондықтан оның әлемдік дамуға пайда немесе зиян әкелуі ең алдымен адамзатқа тікелей байланысты. Жасанды интеллект – жаһандық құбылыс. Ешбір мемлекет оның әлеуетін жалғыз өзі толық пайдалана алмайды. Технология адамға қызмет етіп, өркениеттің катализаторы болуы керек. Біз осы ұстанымнан айнымаймыз», – деді Президент Тоқаев.
«Шамадан тыс реттеуге болмайды»
Мемлекет басшысы цифрлық саланы реттеу кезінде алтын ортаны сақтау қажеттігін қадап айтты. Оның пікірінше, шектен тыс қатаң қадағалау талантты мамандар мен отандық әзірлемелердің шетелге кетуіне соқтыруы мүмкін.
«Аталған саланы шамадан тыс реттеуге болмайды. Өйткені әлеуеті зор командалар мен әзірлемелер және капитал басқа юрисдикцияларға кетіп қалуы ықтимал. Сондықтан қарапайым қағиданы ұстанған жөн: азаматтардың қауіпсіздігі, құқықтары мен аса маңызды мүдделері сынға түскен жағдайда, талаптар қатаң болуға тиіс, алайда шектен шықпаған дұрыс», – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.
Өндірістегі үстірт цифрландыру өзін сарқыды
Президент өнеркәсіп орындарындағы жекелеген процестерді ғана автоматтандыру тәсілінің ескіргенін сынға алды. Ендігі кезекте тұтас өндірістік тізбекті қайта қарап, жасанды интеллектіні кәсіпорындардың басқару жүйесіне толық кіріктіру міндеті қойылды.
Жасанды интеллектінің басты мақсаты – адамның орнын басу емес, инженерлер мен мамандардың мүмкіндігін еселеу. Сонымен қатар елімізде өндірістік міндеттерді шешуге бағытталған жаңа AI Challenge жобасын іске қосу және ғылыми ізденістерді өндіріспен ұштастыратын Qazaq AI Research University әлеуетін толық пайдалану тапсырылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







