Павлодарда Қазақстан мен Ресей делегацияларының қатысуымен «Ертіс: достық өзені – даму өзені» атты II Халықаралық форум өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz. Форум шараларына 150-ден астам адам қатысты, оның 65-і Ресей Федерациясының Омбы және Түмен облыстарынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан келген өкілдер болды.
Іскерлік бағдарлама басталмас бұрын қатысушылар «Денсаулық» саябағындағы көрнекті ғалымдар Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потаниннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ делегациялар «Павлодар облысы: жетістіктер, мүмкіндіктер, келешек» көрмесін тамашалады. Онда өңірдің 40-тан астам ірі кәсіпорны мен шағын және орта бизнестің 70 өкілі өз өнімдері мен жобаларын таныстырды. Экспозиция экономиканың негізгі салаларын: энергетика, металлургия, машина жасау және IT, тау-кен өнеркәсібін, сондай-ақ «Павлодар» АЭА кәсіпорындарын қамтыды.
Логистикалық жүйе және көлік дәлізі
Форумның басты оқиғасы Ертіс бойынша кеме қатынасын дамытуға, экологиялық қауіпсіздікке, инвестициялық және өңіраралық ынтымақтастыққа арналған пленарлық отырыс болды.
Құттықтау сөзінде Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өңірдің шекара маңындағы өзара іс-қимылдағы ерекше рөлін атап өтті. Павлодар облысы Ресеймен 700 шақырымнан астам шекараға ие және Қазақстан, Ресей, Қытай мен Орталық Азия елдерін байланыстыратын көлік бағдарларының тоғысында орналасқан.
«Бүгінде біздің алдымызда өзен, теміржол, автомобиль және әуе тасымалдарын біріктіретін, Қазақстан мен Ресей арасында жүктердің тиімді қозғалысын қамтамасыз ететін заманауи көлік-логистикалық жүйені құру міндеті тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жақында Омбыда өткен Өңіраралық ынтымақтастық форумында атап өткендей: «Дүние жүзіндегі ең ұзын үздіксіз құрлық шекарасы бар Қазақстан мен Ресейге Еуразия құрлығының көлік-логистикалық архитектурасын дамытуда жетекші рөл белгіленген». Павлодар облысы үшін бұл ерекше өзекті», – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Павлодар облысының негізгі сыртқы сауда серіктесі болып қала беретін Ресеймен сауда-экономикалық ынтымақтастық нығайып келеді. 2025 жылы тауар айналымы 1,6 млрд долларды, ал ағымдағы жылдың алты айында 720 млн долларды құрады.
Тұрақты жүк ағыны көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуды талап етеді. Негізгі бағыттар қатарында: Ертіс арқылы өтетін жаңа көпір құрылысы, әуе қатынасын дамыту және өзеннің көліктік әлеуетін пайдалану бар.
Кеме қатынасы мен экологиялық қауіпсіздік
Форумның маңызды тақырыптарының бірі Ертіске халықаралық көлік артериясы рөлін қайтару болды. Облыста өзен арнасын тазарту және түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Әкім трансшекаралық учаскеде қажетті тереңдікті қамтамасыз ету мақсатында бұл шараларды ресейлік тараппен үйлестіруді ұсынды.
«Ертіс арқылы тасымалдау экономикалық тұрғыдан тиімді болатын жүктердің тізбесін бірлесіп айқындау және тұрақты өзен жүк бағыттарын қалыптастыруға көшу қажет», – деп атап өтті өңір басшысы.
Павлодар өзен порты ірі көлемді жүктермен жұмыс істеу инфрақұрылымына ие. Бұл мүмкіндіктерді талқылаудан нақты жүк жобаларын іске асыруға көшуге негіз қалады.
Өңір басшысы тасымалдарды цифрландыруға да ерекше назар аударды: жүктерді қадағалау, электрондық құжат айналымы, шекаралық және кедендік рәсімдерді үйлестіру күн тәртібіне қойылды. «Бизнес үшін жеткізу жылдамдығы мен болжамдылығы бүгінде тасымалдау құнымен бірдей маңызды. Сондықтан инфрақұрылымды дамыту цифрлық интеграциямен және келісілген шешімдермен қатар жүруі керек», – деп түйіндеді Асайын Байханов.
Ертістің экологиялық қауіпсіздігі тағы бір басымдыққа айналды. Қатысушылар су ресурстарын сақтау, оларды ұтымды пайдалану және трансшекаралық өзеннің экожүйесін қорғау қажеттігін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







