Қазақстан халқы 2050 жылға қарай ең көбі 30–31 миллионға жетіп, кейін азаюы мүмкін. Қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов бала туу көрсеткішінің төмендеуіне назар аударып, елдің ұзақ мерзімді жоспарларында демографиялық өзгерістерді ескеру қажеттігін айтты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Сарапшы Telegram арнасында халық санының болашақтағы өсіміне қатысты бағасын жариялаған. Оның пікірінше, Қазақстанның демографиялық әлеуеті әлсіреп келеді.
«Алдағы кезеңде, 2050 жылға қарай қазақстандықтардың саны ең көбі 30–31 миллионға жетуі мүмкін. 50 де, 100 миллион да емес. Оның үстіне, кейін халық саны азаюы ықтимал. Ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлауда мұны міндетті түрде ескеру керек.
Қазіргі мәселеміз демографиялық әлеуеттің жылдам тарылуында. 2021 жылы елде 445 875 бала дүниеге келсе, 2025 жылы 335 005 бала туған. Шамамен 25 пайызға аз. 2026 жылғы қаңтар–шілдеде 176 424 бала дүниеге келген, ал бір жыл бұрын осы кезеңде 191 966 бала туған», – деп жазды Рысмамбетов.
Ана болатын әйелдер де, отбасындағы балалар да азайып келеді
Қаржы кеңесшісі мемлекеттік жоспарлау халық саны мен жас құрамына қатысты ұзақ мерзімді болжамға сүйенуі керектігін атап өтті. Ол бала туудың төмендеуін тек 1990 жылдардағы демографиялық дағдарыспен түсіндіру жеткіліксіз деп санайды.
«Қазіргі төмендеуді тек 1990 жылдардағы демографиялық құлдырауға жаба салуға болмайды. Рас, қазір бала туатын негізгі жасқа 1990 жылдардың соңында дүниеге келген, саны салыстырмалы түрде аз буын жетіп отыр. Бірақ бір әйелге шаққандағы бала саны да төмендеп келеді.
Туудың жиынтық коэффициенті 2021 жылғы 3,32-ден 2025 жылы 2,57-ге түсті. Ал жалпы туу коэффициенті әр мың тұрғынға шаққанда 23,47-ден 16,43-ке төмендеді. Қатар жүріп жатқан екі үрдіс бар. Ана бола алатын әйелдер азайған және әр әйел орта есеппен бұрынғыдан аз бала туады. Отбасындағы бала саны тұтастай кеміп келеді», – деп түсіндірді ол.
Рысмамбетовтің айтуынша, төмендеу тек көпбалалы отбасылармен шектелмейді. Бірінші, екінші және үшінші баланың дүниеге келу көрсеткіштері де азайған.
«Тұңғыш балалар саны 2021 жылғы 119,7 мыңнан 2025 жылы 79,9 мыңға түсті. Екінші балалар саны 102,4 мыңнан 75,8 мыңға, үшінші балалар саны 93,4 мыңнан 69 мыңға азайды. Бірінші балалы болу, одан кейін екінші және үшінші баланы дүниеге әкелу үрдісінің өзі әлсіреп барады.
2025 жылы барлық 20 өңірде 2021 жылмен салыстырғанда аз бала туған. Тіпті Түркістан облысында дүниеге келген балалар саны 65 002-ден 47 813-ке, Астанада 31 372-ден 27 416-ға төмендеген», – деп атап өтті қаржы кеңесшісі.
Оның пікірінше, ірі қалалардағы жағдайдың салыстырмалы түрде тұрақты көрінуіне жастардың көшіп келуі ықпал етеді. Рысмамбетов 2023 жылы өңіраралық көші-қонда келгендер саны кеткендерден артық болған қалалар негізінен Астана, Алматы және Шымкент екенін айтты.
Алғашқы балаға кеткен шығын екіншісіне кедергі келтіреді
Сарапшы Қазақстан халқы әзірге азайып жатпағанын ескертеді. Ол 31 миллион туралы бағасын түпкілікті болжам емес, қазіргі үрдістерге сүйенген бастапқы жорамал деп қарастырады.
«Халық санымыз әлі азайған жоқ. 2025 жылдың соңында шамамен 20,5 миллион адам болдық. Бір жылдағы табиғи өсім 200 мыңнан асты, ал 2026 жылғы қаңтар–шілдеде тағы 99,4 мыңға көбейді.
31 миллион тұрғын деген шек әзірге бастапқы жорамал ғана. Егер бала туу төмендей берсе, халық өсімі ең пессимистік болжамдардан да жылдамырақ баяулауы мүмкін.
Оңтүстік Кореядағы қауіпті сценарийдің белгілерін қазірдің өзінде көріп отырмын. Алғашқы балаға жұмсалатын шығын екінші баланы дүниеге әкелуге экономикалық мүмкіндік қалдырмайды. Мұны отбасы ішіндегі экономикалық каннибализм деуге болады», – деп жазды Рысмамбетов.
Ол Оңтүстік Кореядағы балалардың қосымша біліміне жұмсалатын шығынды мысалға келтірді.
«Оңтүстік Кореяда 2023 жылы оқушылардың 78,5 пайызы ақылы қосымша білім алған. Бір балаға ай сайын орта есеппен 434 мың вон, шамамен 140–150 мың теңге жұмсалған. Отбасының қолда бар табысының шамамен 10 пайызы осыған кеткен.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы баспана мен білімнің қымбаттығын, баланың табысты болуы үшін күшейген бәсекені бала туу көрсеткішінің төмендеуімен байланыстырады», – деп атап өтті ол.
Екі-үш балалы отбасының тұрмысы қолжетімді болуы керек
Рысмамбетов балаға жұмсалатын шығын индексін енгізуді ұсынады. Оның ойынша, екінші немесе үшінші бала туған сайын отбасының негізгі шығысы еселене бермеуі керек.
«Әңгіме отбасы үшін екінші және үшінші балаға кететін шығынның жоғарғы шегі туралы. Жеткілікті баспана, кепілді балабақша орны, сабақтан кейінгі ұзартылған топ, сапалы тегін мектеп, спорт пен негізгі үйірмелер әрбір келесі бала туған сайын шығынды екі еселей бермеуі керек.
Мәселенің шешімін қысқаша айтсам, демографиялық саясат көпбалалылық үшін ақша төлеуге емес, екі-үш баласы бар отбасының тұрмысын орта тап үшін экономикалық тұрғыдан қолжетімді етуге бағытталуы қажет», – деп ұсынды қаржы кеңесшісі.
Ол мәселені өз кәсіби тәжірибесі тұрғысынан қарастырып отырғанын да ашық айтты. Демографиялық болжамның өзгеруі экономикалық басымдықтарға, инфрақұрылымға және қауіпсіздікке қатысты шешімдерге әсер ететінін ескертті.
«Толық талдауда көпшілікке ұнай бермейтін қорытындылар бар. Сезімтал адам болсаңыз, оқымағаныңыз жөн. Мен демограф емес, қаржыгермін. Бірақ пісіп-жетіліп келе жатқан мәселені айналып өте алмаймын. Өз білімім тұрғысынан оны тұжырымдап, шешу жолдарын дайындап жатырмын.
Қазіргі үрдістер сақталғанда халық санының 31 миллионмен шектелуі нені білдіреді? Экономикалық болжамдарды, үйлерді, жолдарды, мектептерді, зауыттар мен ауруханаларды қайда салатынымызды қайта қарауға тура келеді. Қай салаларға басымдық береміз, қорғаныс пен қауіпсіздікті қалай ұйымдастырамыз деген мәселелерді де қайта бағалау қажет», – деп түйіндеді Рысмамбетов.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







