Семейде интернет-алаяқтардың жымысқы қаржылық схемасына қатысы бар студенттерден құралған дропперлер желісі әшкереленді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Абай облысы бойынша департаменті заңсыз қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан топтың жолын кесті. Жергілікті жоғары оқу орнының алты студенті еліміздің оннан астам аймағындағы азаматтардан ұрланған ақшаны жылыстатуға шоттарын берген.
Жымысқы сызба қалай жұмыс істеді
Анықталғандай, ұйымдастырушылар күмәнді ақша аударымдарын қабылдап, оны банктер арқылы шешіп алуға келісетін делдалдарды арнайы іздеп тапқан. Мұндай мақсатқа университет жастары тартылған.
Студенттердің карталарына түскен ірі сомалар із жасыру үшін дереу бірнеше бөлшекке бөлініп, басқа шоттарға жіберіліп отырған.
«Студенттерге тиесілі банктік карталар ақша қаражатын қабылдау үшін пайдаланылған. Кейіннен түскен ақша бөлшектеліп, басқа шоттарға аударылған. Осы әрекет арқылы күмәнді қаржының қайдан шыққанын жасырып, із суытуға және кейін оны кедергісіз қолма-қол шешіп алуға жағдай жасалған», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Он бір өңірді қамтыған алаяқтық ауқымы
Қаржылық сызбаның көлемі өте үлкен болып шықты. Сұрақ-жауап алынған студенттердің тек біреуінің ғана шотына интернет-алаяқтардың тұзағына түскен 25 азаматтан 16 миллион теңгеден астам қаражат аударылған.
Тергеу мәліметтеріне сай, зардап шеккен қазақстандықтар еліміздің 11 аймағында тұрады. Олардың қатарында Абай, Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан, Атырау, Батыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Жамбыл, Алматы облыстарының және Алматы мен Шымкент қалаларының тұрғындары бар.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







