Жетісу облысына соңғы екі жыл ішінде 153 дәрігер жұмыс істеуге келді. Кадр тапшылығын азайтуға көтерме ақы, қызметтік баспана және медицина инфрақұрылымын жаңарту шаралары ықпал етті, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа мамандардың 57-сі ауылдық елді мекендерде, 96-сы қаладағы медициналық ұйымдарда еңбек етеді. Олардың әрқайсысына облыс әкімінің бастамасымен бір реттік көтерме ақы берілді. Сонымен қатар 47 медицина қызметкері қызметтік пәтермен қамтамасыз етілді.
Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтті. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев алдымен өңірге жаңадан келген жас мамандармен кездесіп, олардың жұмыс жағдайымен танысты. Ол балалардың, аналардың және жалпы халықтың денсаулығы дәрігерлердің білімі мен жауапкершілігіне байланысты екенін айтты.
Өңір басшысы азаматтардың саулығын қоғам әл-ауқаты мен мемлекеттің даму деңгейін айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі деп атады. Аурудың алдын алу, медициналық көмектің сапасын арттыру және заманауи инфрақұрылым құру мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін жеткізді. Ол жетісулықтар атынан медицина қызметкерлеріне ризашылығын білдіріп, кәсіби қызметтеріне табыс тіледі.
Ақ халатты мамандардың еңбегі марапатталды
Салтанатты жиын мемлекеттік наградаларды табыстау рәсімімен жалғасты. Президент Жарлығымен облыстық балалар ауруханасы директорының орынбасары Вадим Турускин «Құрмет» орденіне ие болды. Облыстық кардиология орталығының бөлім меңгерушісі Хусан Исманов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Өңірдегі жылдың үздік медицина мамандары да арнайы диплом және ақшалай сертификат алды. Онколог Александр Кляцко «Үздік стационар дәрігері», провизор Дариға Серікқали «Үздік провизор», Өмірзақ Ниязбеков «Үздік денсаулық сақтау менеджері» атанды. Салтанат Садуақасова, Мадияр Байғалиев және Жаннат Даркенбаева да өз бағыттары бойынша үздік деп танылды.

Мейіргерлер, фельдшерлер және медициналық білім беру саласының мамандары да марапаттан тыс қалмады. Ерке Чакуқызы, Талшын Иғиса, Дәурен Оралтайұлы және Талдықорған жоғары медициналық колледжінің оқытушысы Айдана Сейітханова номинация жеңімпазы болды. Айдана Сейітханова колледждің 90 жыл ішінде денсаулық сақтау саласына мыңдаған маман даярлағанын атап өтті.
«Құрмет» орденінің иегері Вадим Турускин медицинадағы табысты бір адамның жетістігі деп қарауға болмайтынын айтты. Неонаталды хирургтің сөзінше, сәбилердің өмірін сақтауға дәрігер, медбике және санитардан құралған тұтас ұжым атсалысады. Ол мемлекеттік марапатты әріптестерінің ортақ еңбегіне көрсетілген құрмет деп бағалады.
Ерлі-зайыпты дәрігерлер Жетісуды таңдады
Өңірге келген жас мамандар арасында Ербол және Айсұлу Алмағамбетовтер де бар. Жалпы тәжірибелік дәрігерлер 2025 жылғы сәуірде отбасымен Жетісуға көшіп, Қаратал және Ескелді аудандарындағы медициналық нысандарға жұмысқа орналасқан. Ерлі-зайыпты мамандарға жалпы 20 млн теңге көтерме ақы мен тегін қызметтік үй берілді.
Ербол Алмағамбетовтің айтуынша, мемлекеттік қолдау жас отбасының жаңа ортаға бейімделуіне үлкен көмек болған. Олар өңірде кемінде бес жыл жұмыс істеуге міндеттелгенімен, осы мерзімнен кейін де Жетісуда қалуды ойластырып жүр. Дәрігерлерге жергілікті халықтың ықыласы мен өңір табиғаты ерекше ұнаған.

Облыста маман тартумен қатар медициналық инфрақұрылымды жаңарту жұмысы да қарқынды жүргізілуде. Жетісу құрылғаннан бері 149 жаңа медицина нысаны салынып, тағы 13 ғимарат күрделі жөндеуден өтті. «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 59 нысан бой көтерді.
Өткен жылы медициналық ұйымдарға 165 техника және 29 санитарлық автокөлік сатып алынды. Соның нәтижесінде өңірдегі медицина нысандарының 63,8 пайызы жаңарып, заманауи құралдармен жабдықталу көрсеткіші 93 пайызға жетті. Биыл материалдық-техникалық базаны одан әрі күшейтуге қосымша қаражат қарастырылған.
Жетісудағы тәжірибе дәрігер тапшылығын тек бос жұмыс орындарын ұсыну арқылы шешу қиын екенін көрсетіп отыр. Маманды өңірге тарту үшін лайықты еңбекақы, көтерме қаржы, баспана, заманауи жұмыс орны және кәсіби өсу мүмкіндігі қатар берілуі қажет. Соңғы екі жылда келген 153 дәрігер осындай кешенді қолдаудың алғашқы нақты нәтижесіне айналды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







