Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өткен ХХ жазғы Азия ойындарында топ жарған ағайынды Махмұд пен Төрехан Сабырхан елге оралды. Чемпион мен қола жүлдегерді Шымкенттегі Қажымұқан атындағы Орталық стадионда жұртшылық салтанатты түрде қарсы алды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Күтіп алу рәсіміне спорт мектептерінің басшылары, жаттықтырушылар, жанкүйерлер мен боксшылардың туған-туыстары қатысты. Жеңімпаздарды Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің студенттері де қарсы алды. Жиналғандар қос спортшыны қошеметке бөлеп, кезекті жеңістерімен құттықтады.
Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Жолдықараев ағайынды Сабырхандардың жетістігі бүкіл елге ортақ қуаныш екенін айтты. Оның сөзінше, боксшылар туған жерінің ғана емес, күллі Қазақстанның абыройын асқақтатты. Ол алдағы басты міндет Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындалу екенін атап өтті.
«Ағайынды Сабырхандар қазақ спортының тарихына жарқын жеңістерін жазып келеді. Азия ойындарындағы жетістік олардың еңбекқорлығы мен табандылығының нәтижесі. Енді осы жеңісті Олимпиада төрінде жалғастырады деп сенеміз», – деді Қанат Жолдықараев.
Азия рингіндегі алтын мен қола
Төрехан Сабырхан 70 келі салмақ дәрежесінде сенімді өнер көрсетті. Ол финалда Иордания өкілін жеңіп, Азия ойындарының алтын медалін иеленді. Жас боксшы шешуші жекпе-жекте шеберлігімен қатар психологиялық төзімділігін де танытты.
Екі дүркін әлем чемпионы Махмұд Сабырхан 55 келі салмақта ел намысын қорғады. Ол жартылай финалға дейін жетіп, жарыстың қола жүлдесін еншіледі. Осылайша ағайынды боксшылар Қазақстан құрамасының медаль қоржынына екі жүлде қосты.
Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ғани Бесбаев спортшыларды кезекті табысымен құттықтады. Ол университет шәкірттерінің халықаралық аренадағы жеңісі жастарға жігер беретінін айтты. Сонымен бірге алдағы Олимпиада ойындарында сәттілік тіледі.

Махмұд пен Төрехан Сабырхан жылы қарсы алған жанкүйерлерге ризашылығын білдірді. Боксшылар Азия ойындарындағы нәтижемен тоқтап қалмай, келесі жауапты жарыстарға дайындықты жалғастыратынын жеткізді. Олар ел сенімін ақтау үшін бар күш-жігерін салуға уәде берді.
Ағайынды Сабырхандардың Азия ойындарындағы нәтижесі қазақ боксының жаңа буыны қалыптасқанын көрсетті. Бірі әлемдік додада тәжірибесін тағы дәлелдесе, екіншісі құрлық чемпионы атанып, үлкен спорттағы орнын бекемдеді. Ендігі үлкен сын Олимпиада рингі болмақ.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







