Әлеуметтік желіде әскердегі жағдай мен қайғылы оқиғалар туралы бейнежазбаларды өшіруді талап еткен азаматтың Қорғаныс министрлігінде жұмыс істейтіні анықталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Көпшілік арасында қызу талқы тудырған оқиғаға байланысты ведомство ресми түсініктеме беріп, оның әрекеті мемлекеттік органның ресми ұстанымына ешқандай қатысы жоқ екенін және қызметкердің өз еркімен жасаған бастамасы екенін мәлімдеді.
Желіде тараған хабарламалар мен даулы талап
Әлеуметтік желіде әскери саланың беделіне кері әсер ететін жазбалар мен бейнероликтерді анықтап, оларды өшіруге қатысты арнайы тапсырма берілгені жөнінде хабарламалардың скриншоттары тараған болатын. Онда авторлардан бейнежазбаларды дереу жоюды талап ету, ал атқарылған жұмыстың есебі ретінде материалдың өшірілгенге дейінгі және кейінгі күйін дәлелдейтін суреттерді жолдау міндеттелгені көрсетілген.
Көп ұзамай желі қолданушыларынан осындай бейнематериалдарды өшіруді сұраған Мирбулат Саду есімді азаматтың жеке басына назар аударылып, оның қорғаныс мекемесіне тікелей қатысы бар екені әшкереленді.
«Ресми тапсырма емес, жеке азаматтық ұстаным»
Қорғаныс министрлігі аталған азаматтың шынымен де өз жүйесінде қызмет атқаратынын растады. Дегенмен ведомство өкілдері оның әлеуметтік желідегі жазбалары мен әрекеттері қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмейтінін алға тартты.
Министрлік таратқан ресми жауапта қызметкердің жазбалары мемлекеттік органның ұстанымына сай келмейтіні баса айтылған.
«Саду Мирбулат Аватберкович қазір Қорғаныс министрлігі жүйесінде қызмет атқарады. Алайда оның әлеуметтік желіде жазған пікірлері оның жеке азаматтық ұстанымы болып саналады. Бұл пікірлер Қорғаныс министрлігінің ресми ұстанымы емес», – делінген хабарламада.
Есеп беру мен марапаттау туралы мәлімет жоққа шығарылды
Қорғаныс ведомствосы әскери қызметшілерге әлеуметтік желідегі сыни жазбаларды іздеп тауып, оларды өшіру немесе жою туралы қандай да бір арнайы тапсырма берілмегенін мәлімдеді.
Бұған дейін тараған ақпаратта жазбаларды тазарту жұмыстары үшін қызметкерлерге Республика күніне орай көтермелеу немесе сыйақы тағайындау уәде етілгені сөз болған еді. Ведомство мұндай есептердің жиналмағанын және көтермелеу шаралары туралы нұсқаулықтың болмағанын нақтылады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







