Павлодар облысында «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету және жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында кезекті ақпараттық-профилактикалық акция өтті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Іс-шара «BatyrMall» сауда орталығында ұйымдастырылып, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, интернет-алаяқтықтың алдын алуға, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталды.

Ерекше форматтағы профилактикалық шара
Акцияның ерекшелігі – жастар арасында кеңінен танымал «Тәртіпбек» маскоты мен «Заң мен тәртіп» идеологиясының амбассадорының қатысуы болды. Олар сауда орталығына келушілермен еркін форматта қарым-қатынас жасап, заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау және интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік мәселелері бойынша ақпарат берді.
Сонымен қатар, Волонтерлік орталықтың белсенді волонтерлері келушілерге ақпараттық буклеттер таратып, интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері, күмәнді сілтемелер мен хабарламалардан сақтану, жеке және банк деректерін бөгде адамдарға бермеу, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша пайдалы ұсынымдармен бөлісті.
Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасы бөлім басшысы Жаннұр Ахметжанованың айтуынша, өңірде «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
«Биыл Павлодар облысында «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету аясында 2000-нан астам түрлі форматтағы іс-шара өткізу жоспарланған. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – тұрғындар мен жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, заңды құрметтеу мен сақтаудың маңызын түсіндіру, сондай-ақ балалар мен жастар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу. Біз жастармен тек ресми кездесулер форматында ғана емес, олардың күнделікті өміріне жақын, интерактивті және қолжетімді форматтар арқылы да жұмыс жүргізуге басымдық береміз», – деді Жаннұр Ахметжанова.
Оның айтуынша, құқықтық мәдениет – тек заңды білу ғана емес, сонымен қатар өз әрекетінің салдарын түсіну, өз құқықтары мен міндеттерін білу және айналасындағылардың құқықтарын құрметтеу.
Интернеттегі қауіпсіздік және алаяқтықтан сақтану
Акция барысында жастарға интернеттегі қауіпсіздікке ерекше назар аударудың қажеттігі түсіндірілді. Себебі бүгінде алаяқтықтың жаңа түрлері күн сайын пайда болып, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы азаматтардың жеке деректері мен қаражатына қол жеткізу әрекеттері жиі кездеседі. Осыған байланысты жастарға кез келген ақпаратты тексеру, бейтаныс адамдардың қоңыраулары мен хабарламаларына сақтықпен қарау және күмәнді жағдайда тиісті органдарға жүгіну қажеттігі ескертілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай акциялар жастарға құқықтық ақпаратты қарапайым әрі түсінікті түрде жеткізуге мүмкіндік береді. Ал «Тәртіпбек» бейнесі маңызды ақпаратты есте сақтауды жеңілдетіп, заң мен тәртіп тақырыбын жастар арасында қолжетімді форматта насихаттауға ықпал етеді.
Акция форматы жыл соңына дейін жүйелі түрде жалғасып, облыс тұрғындары көп шоғырланатын қоғамдық орындарда, сауда орталықтарында және жастарға арналған алаңдарда профилактикалық-ақпараттық жұмыстар жүргізілетін болады.
Заңды біл – құқықтарыңды қорға!
Қауіпсіздікті сақта – алаяқтарға алданба!
Тәртіпті бол – тура жолды таңда!
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







