Қазақстанда экологиялық салықтардың жылдық көлемі 4,2 триллион теңгеге жетіп, бір жылда 12,2 пайызға артты. Ал 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда төлемдер көлемі 3,7 есеге жуық өскен. Алайда жиналған қаражаттың басым бөлігі қоршаған ортаны тікелей ластағаны үшін емес, энергия тасымалдаушылар мен табиғи байлықтарды пайдаланғаны үшін өндірілген, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Өнеркәсіп орындары – басты төлеушілер
Экологиялық салықтардың негізгі бөлігі өндірістік алыптардың еншісіне тиесілі. Салалар бойынша алғанда:
Тау-кен өндірісі және карьерлерді қазу: 2,9 триллион теңге (жылдық өсім – 5%);
Өңдеу өнеркәсібі: 985,2 миллиард теңге (жылдық өсім – 34,6%).
Қос сала елдегі барлық экологиялық салық түсімдерінің 91,6 пайызын қамтамасыз етті. Үшінші орынға кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласы тұрақтады – 104,5 миллиард теңге, мұндағы төлемдер бір жылда 33,5 пайызға ұлғайған.
Негізгі түсім энергия ресурстарынан жиналады
Салықтың құрылымына үңілсек, қаражаттың үштен екісі энергия тасымалдаушыларға тиесілі. Мұндай төлемдер 2,7 триллион теңгені немесе барлық экологиялық салықтың 64,1 пайызын құрады. Бұл топқа бензин, дизель отыны, көмірсутек шикізаты, оларды өңдеу өнімдері және электр энергиясымен байланысты алымдар енеді.
Табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін төленген салық көлемі 1,2 триллион теңгеге жетті. Оның жалпы түсімдегі үлесі 26 пайыздан 28,9 пайызға дейін өскен. Сонымен қатар көлік салығының көлемі 10,9 пайызға артып, 146,2 миллиард теңгені құрады.
Тікелей ластау үшін төленетін салық небәрі 3,5 пайыз
Қоршаған ортаны тікелей ластағаны үшін кәсіпорындардан өндірілген салық 148,3 миллиард теңге болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 28,2 пайызға көп болғанымен, жалпы экологиялық салық қоржынының небәрі 3,5 пайызын ғана алып отыр.
Аталған санатқа мына төлемдер кіреді:
Атмосфераға ластаушы заттарды шығару;
Су айдындарына зиянды қалдықтарды төгу;
Өндірістік қалдықтарды жинау және көму.
Қоршаған ортаны тікелей ластағаны үшін ең көп қаражат төлегендер қатарында өңдеу өнеркәсібі (57 млрд теңге) мен тау-кен саласы (55,8 млрд теңге) тұр.
Салық өсімі табиғаттың ластанғанын білдіре ме?
Экологиялық салықтардың өсуі елдегі ластану деңгейінің автоматты түрде көбейгенін көрсетпейді. Ұлттық статистика бюросы табиғи-экономикалық есепке алудың халықаралық әдістемесін қолданады. Осы жүйеге сәйкес, жанар-жағармай мен қазба байлықтарды тұтыну алымдары да экологиялық салықтардың құрамына жатқызылады.
Тарихи динамикаға көз жүгіртсек, 2016 жылы бұл төлемдер 1,1 триллион теңге шамасында болған еді. 2020 жылы пандемиялық дағдарыста көрсеткіш 1,4 триллионға дейін төмендегенімен, 2021 жылы 63,2 пайызға, ал 2022 жылы 3,5 триллион теңгеге дейін күрт қарғыды. Енді міне, өндіріс көлемінің ұлғаюы мен шикізат бағасының қымбаттауы есебінен төлемдер жаңа рекордтық 4,2 триллион теңгелік межеге жетті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







