Жамбыл облысының Гвардейскийдегі әскери қызметшілерге арналып салынған әрқайсысы 120 пәтерлі екі бірдей тұрғын үй кешенінің бес жылдан бері қаңырап бос тұрғаны желіде үлкен дау туғызды. Қорғаныс министрлігі 2021 жылы құрылысы 90 пайызға біткен нысандардың әлі күнге пайдалануға берілмеу себебін тіреуіш қабырғалардағы жарықшақтармен байланыстырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Желідегі наразылық және тіреуіштерге түскен сызат
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаларда жергілікті гарнизонда қызмет ететін сарбаздар мен офицерлердің баспана кезегінде жылдап тұрғаны, ал мемлекет қазынасына тұрғызылған 240 пәтердің қараусыз тозып бара жатқаны айтылған. Тұрғындар бюджет қаржысының игерілуі мен құрылыс сапасына қатысты бірнеше мәрте сұрақ көтерген болатын.
Қорғаныс министрлігі ресми жауабында мердігерлердің салғырттығынан құрылыс нормалары мен конструктивтік элементтерде өрескел қателіктер жіберілгенін растады.
Ведомство таратқан мәліметке қарағанда, 2021 жылы тұрғын үйлердің дайындығы 90 пайызды құрағанымен, ғимараттардың салмақ түсетін негізгі тіреуіш конструкцияларында жарықшақтар пайда болғандықтан, жұмыс шұғыл тоқтатылған.
Осы жылдар ішінде бірнеше рет техникалық сараптама жүргізіліп, қателіктерді түзету жолдары іздестірілгенімен, мәселе нақты шешімін таппай созылып келді.
Жаңа сараптама және белгісіз мерзім
Биылғы шілде айында уәкілетті қызметтер көпқабатты үйлерге қосымша техникалық тексеру жүргізген. Сарапшылар ғимарат қаңқасын құлап кетуден сақтау үшін құрылымдарды қайта күшейтуді және осыған сәйкес жаңа жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді ұсынды.
Қазір сараптамалық ұйымдармен және тиісті мемлекеттік құрылымдармен бірлесе отырып, жобаға түзетулер енгізу мен құрылысты аяқтау тетіктері қайта қаралуда. Алайда үйлердің қашан толық жөнделіп, қолданысқа берілетіні жөніндегі нақты мерзім әзірге беймәлім. Министрлік бұл сауалға нақты жауап ұсына алмады.
Құпияға айналған қаражат және мемлекеттік аудит
Баспана құрылысына мемлекет қазынасынан қанша қаржы жұмсалғаны да ашық айтылмады. Ведомство бұл мәліметтің қорғалған сипатына сілтеп, жария етуге жатпайтын құпия ақпарат ретінде жасырып қалды.
Сонымен қатар министрлік Гвардейский гарнизонында кезекте тұрған әскери қызметшілерді қамтамасыз етуге жететін бос қызметтік тұрғын үй қоры жеткілікті деп мәлімдеді. Алайда бұл түсіндірме желідегі көпшіліктің күмәнін сейілте қойған жоқ.
Жақында Жоғары аудиторлық палата Қорғаныс министрлігінде ауқымды мемлекеттік аудит жүргізуді бастаған болатын. Тексеру бюджет қаржысының қаншалықты тиімді жұмсалғанын және әскери бөлімдерді материалдық-техникалық жабдықтаудың ашықтығын тексеруге бағытталған. Бес жыл бойы сызат түсіп бос тұрған көпқабатты үйлер де аудиторлар назарына ілігуі әбден мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







