Абай облысының әкімі Берік Уәли Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангалмен кездесті. Жүздесуде екіжақты сауда-экономикалық, білім және инвестициялық байланыстарды кеңейтуді талқылады. Тараптардың жүздесуінде Семей медицина университетінің шетелдік студенттерді даярлаудағы орнына ерекше назар аударылды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
500-ден астам үнді жасы Семейде білім алуда
Семей медицина университетінің ректоры Алтай Дүсіпов қатысқан келіссөзде өңірдегі жоғары оқу орындарының халықаралық деңгейдегі тартымдылығы сөз болды. Қазіргі таңда аталған университетте Үндістаннан арнайы келген 530 студент дәрігер мамандығын меңгеріп жатыр. Олардың 490-ы бакалавриат бағдарламасында оқыса, 40-ы интернатурада кәсіби тәжірибесін шыңдауда.
Оқу орнының шетелдік азаматтарға сапалы дәрігерлік білім беру көрсеткіші жоғары. Соңғы үш жылдың ішінде ғана Үндістанның 492 азаматы Семейдегі оқуын сәтті тәмамдап, диплом алып шыққан.
Елшінің оң бағасы және жаңа салалар
Кездесуде Үндістан елшісі Сайлас Тангал Семей медицина университетінің академиялық сапасына жоғары баға берді. Дипломат аталған оқу ордасын тек облыс аумағында ғана емес, тұтас Қазақстан бойынша беделі жоғары және бәсекеге қабілетті білім шаңырағы деп атады.
Өз кезегінде облыс әкімі Берік Уәли Үндістанмен серіктестікті тек білім беру бағытымен шектемей, экономиканың өзге де маңызды секторларына ұластыруға ниетті екенін білдірді. Атап айтқанда, Абай облысы денсаулық сақтау, өнеркәсіптік өндіріс, цифрлық технологиялар мен IT, ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға және үндістандық капиталды өңірге тартуға толықтай мүдделілік танытып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







