Қазақстанда «Стоп-кредит» қызметін қосып, несие рәсімдеуден ерікті түрде бас тартқан азаматтардың өзіне кейбір жағдайларда банктер мен микроқаржы ұйымдары заңды түрде қарыз бере алады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі аталған шектеудің нақты қандай жағдайларда күшін жоятынын еске салды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шектеуге қарамай берілетін төрт несие түрі
Қаржылық реттеушінің түсіндірмесіне сәйкес, азамат жүйеде өзіне несие алуға тыйым салған күннің өзінде мынадай төрт бағыт бойынша қарыз ала алады:
Тауарлық несиелер: Тұтынушылық қарыз сомасы қолма-қол берілмей, тікелей тауар мен қызметті сатушының банк шотына аударылғанда және клиент тауарды алғанын ресми растаған жағдайда беріледі;
Қарызды қайта қаржыландыру: Азамат бұрыннан несиесі бар сол банктің өзінде қайта қаржыландыру (рефинансирование) рәсімін жасаса, тыйым жүрмейді;
Банк картасындағы кредиттік лимит: Төлем картасына бекітілген несиелік лимит 150 айлық есептік көрсеткіштен (648 750 теңгеден) аспаған жағдайда қаражат қолжетімді болады;
Мемлекеттік берешекті өтеу: Қарыз сомасы салықтарды, әкімшілік айыппұлдарды немесе сот орындаушылары жүргізіп жатқан атқарушылық өндіріс бойынша қарызды жабуға тікелей бағытталса, шектеу есепке алынбайды.
Аталған талаптар екінші деңгейлі банктерге ғана емес, барлық микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) да толықтай қолданылады.
Ломбардтар мен өзге де ұйымдар
Қаржы нарығын реттеу агенттігі несиеден бас тарту тетігінің барлық қаржылық ұйымдарға бірдей таралмайтынын ескертті. Мәселен, ломбардтар мен қарыз беру кезінде несиелік бюролардың деректер қорын пайдаланбайтын ұйымдар бұл тізімге кірмейді.
Ломбардтар қаражатты кепілге қойылған бағалы бұйымдар негізінде беретіндіктен, олар азаматтың eGov жүйесінде шектеу қойған-қоймағанына қарамастан қызмет көрсете береді.
Сервистің мақсаты мен мүмкіндігі
«Стоп-кредит» қызметі 2024 жылдың ақпан айынан бастап eGov электронды үкімет порталы мен оның мобильді қосымшасында іске қосылған. Бұл тетік ең алдымен алаяқтардың бейқам азаматтардың жеке мәліметтерін пайдаланып, олардың атына заңсыз онлайн несие рәсімдеуіне тосқауыл қою үшін енгізілді.
Азаматтар қаржылық қауіпсіздігі үшін өзіне несие рәсімдеуге кез келген уақытта тегін тыйым сала алады және қажет болған жағдайда шектеуді жүйе арқылы қайта алып тастауға толық құқылы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







