Шығыс Қазақстан екі күн бойы жыртқыш құстармен аң аулау өнерін меңгерген шеберлердің басын қосатын халықаралық мәдени-спорттық алаңға айналады. Бүгін, 9 қазанда, Ұлан ауданының Бозанбай ауылында бесінші рет ұйымдастырылған «Шығыс салбурын – 2026» фестивалі басталды. Биылғы шара аясында алғаш рет құсбегіліктен Азияның ашық кубогы өтеді. Оған тоғыз мемлекеттен 150-ге жуық құсбегі қатысады деп күтілуде, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Бүркіт төбе» алаңына жиналған бүркітшілер мен саятшылар бүркіт, сұңқар және қаршыға баптаудағы шеберліктерін көрсетеді. Олар үшін бұл жай ғана спорттық бәсеке емес, жылдар бойы тәжірибе жинауды, төзімділікті және құспен ерекше үйлесімділікті талап ететін төл өнер. Сонымен қатар қатысушылар өз елдеріндегі дәстүрлі саятшылық мәдениетімен таныстырады.

Құсбегіліктен Азия кубогы және ұлттық спорт
«Шығыс салбурын» фестивалінің тарихы Бозанбай ауылында өткен бүркітшілер жарысынан бастау алады. Алғашқы турнир 2021 жылы «Қансонар» атауымен ұйымдастырылса, 2022 жылдан бастап халықаралық «Шығыс салбурын» фестивалі ретінде өткізіліп келеді. Биыл шара жаңа деңгейге көтеріліп, Шығыс Қазақстанда дәстүрлі құсбегіліктен Азия кубогы алғаш рет сарапқа салынады. Сондай-ақ фестиваль Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің 2026 жылға арналған ірі іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген.
Биылғы шара аясында алғаш рет құсбегіліктен Азияның ашық кубогы өтеді. Оған тоғыз мемлекеттен 150-ге жуық құсбегі қатысады деп күтілуде.
Бағдарлама құсбегілердің сайысымен ғана шектелмейді. Қонақтарды ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, тазы иттердің бәйгесі, асау үйрету, ат үстінде садақ ату және атпен шауып келе жатып теңге ілу сайыстары күтеді. Бұдан бөлек, қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі мен танымал өнерпаздардың қатысуымен концерт ұйымдастырылады. Негізгі финалдық жарыстар мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 10 қазанда өтеді.
ЮНЕСКО назарындағы дәстүр
«Шығыс салбурын – 2026» фестивалінің маңызы мәдени шара өткізумен ғана шектелмейді. Оның басты мақсаттарының бірі – саятшылық дәстүрін сақтау, ұлттық өнерді дәріптеу және оны жас ұрпаққа аманаттау. Осы бағыттағы жұмыстармен танысу үшін биыл өңірге Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен ЮНЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның делегациясы келді.
Комиссия өкілдері Бозанбай ауылында көне дәстүрлерді сақтауға және бірегей шеберлікті келер ұрпаққа жеткізуге жағдай жасалып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ құсбегілердің өз тәжірибесін жергілікті тұрғындармен қатар шетелдік қонақтарға да таныстыруы маңызды екеніне назар аударды.
Бұл дәстүрдің халықаралық деңгейде танылуына да мүмкіндік мол. ЮНЕСКО-ның 2026 жылға арналған ресми материалдарында тазы мен бүркітке қатысты фестивальді Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу жөніндегі өтінім көрсетілген. Ал құсбегілік өнерінің өзі бұған дейін аталған тізімге енгізілген. Осылайша, Қазақстан да халықаралық номинацияға қатысушы елдердің қатарында.
«Шығыс салбурын» – жай ғана фестиваль емес, көшпенділер өркениетінен жеткен асыл мұра. Ол ұлттық спортты, түрлі елдердің мәдениетімен танысуды және ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлерді бір арнаға тоғыстырады. Бозанбай үшін бұл – өңірдің халықаралық деңгейде танылуына жол ашатын мүмкіндік. Ал фестиваль қонақтары үшін көшпенділердің көне өнерін музейден ғана емес, шынайы өмірде тамашалап, оның терең мәнін сезінуге берілген ерекше мүмкіндік.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







