Шымкентте өткен Қайрат Нұртастың мерейтойлық концерті стадион кіреберісіндегі жаппай дүрбелеңмен, адамдардың тапталуымен және жансақтау бөліміне түскен ауыр жағдайдағы науқаспен аяқталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Күні кеше қаладағы Орталық стадионда әншінің «Сахнада 20 жыл» атты ауқымды кеші өткен. Алайда мыңдаған көрермен есіктің дер кезінде ашылмауы салдарынан стадион кіреберісінде ұзақ уақыт кептелісте тұрған. Қақпа ашылған сәтте бақылаудан шыққан қалың нөпір ішке лап қойып, жаппай қысылыс басталған.
Жансақтау бөліміне түскен көрермен
Нәтижесінде бірнеше адам аяқ астында қалып, талып құлаған. Ең ауыры қалың топтың астында қалған 18 жастағы бойжеткен ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оның жағдайы қазір тым ауыр, дәрігерлер науқастың өмірі үшін күресіп жатыр.
Шымкенттің полиция департаменті қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс тіркепті. Іс-шараны ұйымдастырушылар бүгін таң азанмен полиция бөлімшесіне жеткізіліп, тергеле бастады.
Ұйымдастырушылардың жауабы
Ал билет сатумен айналысқан «Freedom Афиша» компаниясы ресми мәлімдеме жасап, бар жауапкершіліктен ат-тонын ала қашты. Айтуынша, басты ұйымдастырушы — Show Service агенттігі.
Билет операторы тек кіреберісте білезік таратушы еріктілерді бөлгенін, ал көрерменнің қауіпсіздігі, стадионды дайындау мен күзет мәселесі міндетіне кірмейтінін алға тартып отыр.
Мыңдаған адам сыятын стадионда нөпірді реттеу механизмі неге ойластырылмаған? Күзет пен құқық қорғау күштерінің үйлесімі неге ақсады? Енді осы сауалдарға тергеу нүкте қоюы тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






