Қазақстанда жұмысшылардың негізгі кәсіптері мен қызметшілердің лауазымдары бойынша есептелген жалақы көрсеткіштері белгілі болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ұлттық статистика бюросы ұйымдар мен кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақы мөлшеріне қатысты жыл сайынғы зерттеу нәтижесін жариялады. Іріктемелі зерттеу қорытындысына сәйкес, толық ай бойы жұмыс істеген қызметкерлер саны 3 миллион 378,6 мың адамды құраған. Оның ішінде әйелдер үлесі – 51,9% (1 752,2 мың адам), ал ерлер – 48,1% (1 626,4 мың адам) деңгейінде тіркелді. Есепке қызметкерлердің тарифтік ставкаларымен қатар барлық қосымша ақылары, үстемеақылары, сыйақылары, салықтары мен зейнетақы аударымдары да енгізілген.
Жоғары жалақы алатындар қатары артты
Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде қызметкерлердің негізгі бөлігі жоғары жалақы санаттарына ауыса бастағаны байқалады. Әсіресе орташадан жоғары еңбекақы алатын азаматтардың үлесі айтарлықтай өскен.
Зерттеу нәтижесі бойынша 300 мың теңгеден жоғары жалақы алатын қызметкерлердің үлесі 53,7%-дан 58,4%-ға дейін (+4,7 пайыздық тармақ) өсті. Ал 100 мың теңгеге дейінгі жалақы алатындар небәрі 2,3%-ды құрады.
Сонымен бірге 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгі аралықта жалақы алатын еңбеккерлердің үлесі 43,0%-дан 39,3%-ға дейін (-3,7 пайыздық тармақ) азайды. Ең төменгі, яғни 100 мың теңгеге дейінгі табыс табатындар үлесі бұған дейінгі 3,3%-дан 2,3%-ға дейін түскен.
Өнеркәсіп пен құрылыста қарқынды өсім бар
Өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда атаулы жалақы барлық кәсіптік бағыттарда оң үрдіс көрсетті. Өндіріс, көлік, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларында кіріс деңгейі артқан.
Жалақының ең жоғары өсімі өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да сабақтас кәсіптердің жұмысшылары арасында байқалып, 13,1%-ға жетті. Сондай-ақ өндірістік жабдық операторлары, құрастырушылар мен жүргізушілердің жалақысы 10,4%-ға көтерілген.
Кім қанша жалақы алады?
Қызметкерлердің нақты табысы олардың біліктілігіне, атқаратын лауазымы мен кәсібіне тікелей байланысты болып отыр. Ең жоғары есептелген орташа табыс дәстүрлі түрде басқарушы буын өкілдерінде сақталды.
Ұйым басшыларының орташа айлық жалақысы 1 101,1 мың теңгені құрады. Ал инженерлік-техникалық мамандықтар арасында жетекші инженерлердің жалақысы 702 мың теңгеге жеткен.
Инженерлік құрам ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі инженерлердің табысы 645,0 мың теңге, инженер-технологтар 617,0 мың теңге, инженер-энергетиктер 615,1 мың теңге көлемінде еңбекақы алады. Осы саладағы техниктердің жалақысы 314,7 мың теңгені көрсетті.
Денсаулық сақтау секторындағы дәрігерлердің орташа айлық есептелген еңбекақысы 491,4 мың теңге болды. Фармацевтерге 347,7 мың теңге, фельдшерлерге 313,6 мың теңге, ал мейіргерлерге орта есеппен 264,6 мың теңге жалақы тиесілі.
Басқа салалардағы сұранысқа ие мамандардың көрсеткіштері де әртүрлі:
- бухгалтерлер – 398,6 мың теңге;
- автокөлік жүргізушілері – 328,1 мың теңге;
- аспаздар – 192,6 мың теңге;
- күзетшілер – 174,2 мың теңге.
Зерттеу неліктен сәуір айында жүргізіледі?
Бұл көрсеткіштер жыл сайын 2-Т (еңбекақы) «Жалақы құрылымы және оны бөлу туралы есеп» статистикалық нысаны бойынша жиналады. Сараптамаға тек есепті айда толық жұмыс істеген қызметкерлер енгізіледі. Сол айда жұмысқа жаңа қабылданған немесе жұмыстан босатылған азаматтардың деректері қорытындыға әсер етпеуі үшін есепке кірмейді.
Халықаралық ұсынымдар бойынша сәуір айының таңдалу себебі – бұл уақытта жылдық қорытынды сыйақылар немесе жазғы жаппай еңбек демалысының төлемдері сияқты маусымдық факторлар азайып, нақты жалақы көлемін шынайы бағалауға мүмкіндік туады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







