Украинаның Қарулы күштері Ресейдің Воронеж облысындағы «Борисоглебск» әскери аэродромына отандық «Нептун» зымыранымен дөп соққы беріп, қарсыластың мақтанышы саналатын алты бірдей Су-34М жойғыш-бомбалаушысын бір түнде күлге айналдырды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ресей аумағының терең тылында орналасқан әскери нысандағы бұл оқиға көрші елдің «аспанымыз мызғымас қорғанмен жабылған» деген кезекті ертегісінің быт-шытын шығарды.
«Жоқ» флоттың құрлықта салған ойраны
Оқиғаның ең қызық тұсы – операцияны Украинаның Әскери-теңіз күштерінің жүзеге асыруында болып отыр. Мәскеу насихаты 2022 жылдың көктемінде-ақ «Украинада флот қалмады, бәрін суға батырдық» деп дүниеге жар салған еді. Алайда сол «жоқ» флот Қара теңізден ресейлік кемелерді қуып шыққаны аздай, енді мың шақырым қашықтықтағы құрлықтық аэродромдарды тікелей атқылауға көшті.
Украина әскери-теңіз күштері жағалаулық «Нептун» зымырандық кешенін сәтті қолданып, ресейлік авиацияны ұшып үлгерместен жер жастандырды.
Алты бомбалаушы және тегін отшашу
Украина Әскери-теңіз күштерінің ресми мәлімдеуінше, 15 қазанға қараған түні жасалған соққыдан кейін «Борисоглебск» аэродромында тоқтаусыз қайталама жарылыстар болып, ауқымды өрт тұтанған. Нәтижесінде Ресей армиясы мынадай орны толмас шығынға ұшырады:
- Алты дана екі орынды заманауи Су-34М жойғыш-бомбалаушысы қатардан шықты;
- Әскери авиацияның ұшуын қамтамасыз ететін қымбат тұратын техникалық құрылғылар жойылды;
- Ұшақтарға тиелуге дайын тұрған қанатты бомбалар мен оқ-дәрілер қоймасы аспанға ұшты.
Су-34М – Ресей әуе күштерінің Украинаның бейбіт қалалары мен майдан шебіне ауыр басқарылатын авиабомбаларды (КАБ) тастайтын басты құралы болатын. Ресейдің қорғаныс өнеркәсібі жылына ондаған ғана данасын әрең шығаратын осынау қымбат «ойыншықтар» ұрыс даласына жетпей, өз тұрағында тұрып-ақ металл сынығына айналды.
Украина ауылдары мен ауруханаларына тасталуы тиіс болған тонналық бомбалардың ресейлік аэродромның өзінде отшашу жасап жарылуы – табиғи әділдіктің тамаша көрінісі.
«Нептунның» өткір тісі: Ешкімнің рұқсаты керек емес
Осы соққының саяси маңызы да зор. Киев бұл жолы Батыстың «біздің зымыранмен Ресей жерін атқылауға болмайды» деген қорқақ шектеулерін күтіп отырмады. Ресейлік қымбат эскадрильяны талқандауға толықтай Украинаның өз жерінде жаңғыртылған «Нептун» зымырандары жұмсалды.
Кезінде Қара теңіз түбіне аттанған «Мәскеу» крейсерінің тағдыры енді Воронеж даласындағы ресейлік авиацияның басына келді. Украинаның дербес қару жасау әлеуеті қарсыластың кез келген қауіпсіз саналған тылын оңай ойрандай алатынын көрсетті.
Мызғымас әуе қорғанысының масқарасы
Ресейлік әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің жұмысына тағы да тек мысқылмен қарауға болады. Мәскеу ресми түрде «барлық зымыран атып түсірілді» деп есеп беретіні сөзсіз. Алайда сол зымырандарды миллиондаған долларлық Су-34 ұшақтарының фюзеляжымен қағып алған сияқты.
Бір түнде алты бірдей соңғы үлгідегі ұшағынан айырылу – Ресейдің шабуыл жасау қарқынына жасалған ауыр соққы. Өзгенің жерін бомбалауға дайындалғандардың өз аэродромында жанып жатқаны майдандағы күштер тепе-теңдігінің қай бағытқа қарай ауысып бара жатқанын айқын аңғартады.
Батыстың жалтақтығына қарамастан, Украина өзін қалай қорғау керектігін және агрессордың күретамырын қалай қию керектігін нақты іспен дәлелдеп жатыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







