Қазақстанның басым бөлігінде атмосфералық фронттар мен циклонның ықпалынан ауа райы құбылмалы болады. Синоптиктердің болжамынша, елдің шығысы мен солтүстігінде жаңбыр аралас қар жауып, оңтүстік өңірлерде түнгі үсік күтіледі, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Астана, Алматы және Шымкенттегі ахуал
Еліміздің үш мегаполисінде ауа райы бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді:
Астана: күн ала бұлтты, ара-тұра жаңбыр мен қар жауады. Солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 9–14 метр, екпіні 15–20 метрге, кей уақытта 23 метрге дейін жетеді. Ауа температурасы түнде 0…+2 градус, күндіз +6…+8 градус жылы болады.
Алматы: жауын-шашынсыз, көшпелі бұлт шығады. Желдің екпіні секундына 13 метрге дейін барады. Түнде сынап бағанасы +4…+6 градусты, күндіз +15…+17 градус жылыны көрсетеді.
Шымкент: күн ашық әрі жауын-шашынсыз. Солтүстік-шығыстан секундына 5–10 метр жылдамдықпен жел соғады. Түнде +5…+7 градус, күндіз ауа +18…+20 градусқа дейін жылынады.
Өңірлерге қар түсіп, үсік жүреді
Республиканың шығыс өңірлерінде жауын-шашын күшейіп, соңы қалың қарға ұласуы ықтимал. Солтүстік пен шығыста жаяу бұрқасын соғып, жолдарда көктайғақ пайда болады.
Елдің батысы мен орталығында жауын-шашын күтілмейді. Алайда оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда түнде ауа температурасы нөлден төмендеп, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының бірқатар ауданында және Жетісу өңірінің солтүстігінде топырақ бетінде 1–3 градусқа дейін үсік жүреді.
Екпінді жел мен ауаның ластану қаупі
Бірқатар облыста жел күшейіп, түнде және таңертең тұман түседі. Жел екпіні Қарағанды, Ұлытау және Алматы облыстарында секундына 15–20 метрге, кей тұстарда 25 метрге дейін жетуі мүмкін.
Сонымен қатар синоптиктер Алматы мен Атырауда қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты ауа сапасының төмендеуі мүмкін екенін ескертеді.
Ауа райының тымық болуы мен әлсіз жел қала үстінде ластаушы заттардың шоғырлануына әкелетіндіктен, тыныс алу жолдары сыр беретін азаматтарға ашық ауада ұзақ жүрмеуге кеңес беріледі. Солтүстік пен шығыс өңірлердегі жүргізушілерге жолда көктайғақтан сақтанып, қашықтықты сақтау маңызды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







