Университетке түсу – бір ғана емтиханмен шектелмейтін, құжат тапсыру науқанынан әлдеқайда бұрын басталатын жауапты кезең. Осы орайда талапкерлерге артық күйзеліссіз дайындалуға, мерзімді жіберіп алмауға және білім грантын иеленуге бағытталған толық нұсқаулық әзірленді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Дайындықты қашан бастаған жөн?
Университетке қабылдану науқаны негізінен алдын ала басталып, келесі жылдың тамызына дейін жалғасады. ЖОО мамандары дайындықты жаз мезгіліне қалдырмай, мамандықтармен, қабылдау талаптарымен және қаржыландыру тетіктерімен ертерек танысуға кеңес береді.
Университетке қабылдану мен білім гранты конкурсына қатысу – екі бөлек процесс. Сондықтан әрқайсысының талаптарын алдын ала мұқият зерттеу қажет.
Есте сақтайтын маңызды мерзімдер мен талаптар
Бакалавриат бағдарламаларына құжат қабылдаудың негізгі кезеңі 20 маусым мен 25 тамыз аралығында өтеді. Осы аралықта үміткерлер қажетті құжаттар топтамасын жинақтап, өздері таңдаған білім бағытының талаптарын толық тексеруі шарт.
Халықаралық стандартта оқытатын оқу орындары үшін көбіне IELTS, TOEFL немесе Duolingo English Test тіл емтихандарының нәтижелері талап етіледі. Ал журналистика сияқты бағыттарды таңдаған талапкерлерге шығармашылық емтихандарды да тапсыру қажеттігі ескертіледі.
Грант иелену мүмкіндіктері
Оқу ақысын өтейтін жеңілдіктер мен гранттарға үміткерлерге арнайы зияткерлік олимпиадаларға назар аударған жөн. Әдетте олимпиадаларға тіркелу ақпан айында басталып, негізгі кезең көктемде ұйымдастырылады.
Зияткерлік сайыстардың жеңімпаздары оқу ақысын 100 пайызға дейін өтейтін білім гранттарын иелене алады.
Мұндай гранттық бағдарламалар бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерін түгел қамтиды. Сондай-ақ жазғы кезеңде білім гранттарына қосымша байқаулар өткізіледі.
Ашық есік күндері және халықаралық тәжірибе
Университеттегі білім тек дәріс пен емтиханмен шектелмейді. Академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы студенттер бір семестр бойы шетелдік серіктес оқу орындарында білім алып, халықаралық тәжірибе жинақтай алады.
Оқу жылы барысында еліміздің Астана, Алматы, Семей, Ақтөбе, Атырау, Тараз және Қызылорда секілді ірі қалаларында тұрақты түрде ашық есік күндері өткізіледі. Мұндай шараларда талапкерлер мен ата-аналар қабылдау комиссиясының мамандарына тікелей сауал қойып, нақты ақпарат ала алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







