Қазақстанда перзентханалар, балалар стационарлары мен жедел медициналық жәрдем станцияларының 300-ден астам басшысын аттестаттау басталды. Бірінші кезең – тестілеу 2026 жылғы 14 қазанда басталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
20 қазандағы жағдай бойынша Қызылорда облысы, Ұлытау облысы және Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдардың 44 басшысы тестілеуден өтті.
Бағалау талаптары мен ерекшеліктері
Аттестаттау бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Қатысушылар кәсіби білімдері мен басқарушылық құзыреттерін, сондай-ақ медициналық ұйымдардың жұмысын ұйымдастыру және ресурстарды ұтымды пайдалану дағдыларын көрсетеді.
Бағалау тек аталған ұйымдардың басшыларына қатысты жүргізілетінін айта кеткен жөн. Қатардағы дәрігерлер, мейіргерлер және басқа да медицина қызметкерлері аттестаттауға қатыспайды.
Күтілетін нәтижелер
Бағалау қорытындысы бойынша медициналық ұйымдарды басқаруды жетілдіру және олардың жұмыс тиімділігін арттыру бағыттары айқындалады.
Аттестаттау медициналық ұйымдардың жұмысын ұйымдастыру деңгейін, көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін жақсартуға, сондай-ақ кадр саясаты мен қаржы қаражатын жұмсау тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







