Қазақстанда 142 көпір құрылысы апатты жағдайда тұр, оның 141-і жергілікті маңызы бар жол желісіне тиесілі. Мұндай мәліметті депутат Тұрарбек Тілемісов Үкіметке жолдаған ресми сауалында мәлімдеп, аймақтардағы көпір шаруашылығын жедел тәртіпке келтіруді талап етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қай өңірлерде қауіп жоғары?
Ресми мәліметке сай, 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша елімізде 3 623 көпір нысаны есепке алынған. Оның 1 488-і республикалық трассаларда, ал 2 135-і жергілікті жолдарда орналасқан. Апатты деп танылған 142 нысаннан бөлек, жергілікті желідегі тағы 420 көпірдің техникалық жай-күйі қанағаттанарлықсыз деңгейде қалған.
Апатты өткелдердің басым бөлігі екі оңтүстік облысқа тиесілі. Атап айтқанда, Қызылорда облысында – 87, ал Түркістан облысында 50 апатты көпір бар. Сонымен қатар Ұлытау облысындағы 24 көпірдің 21-і, Батыс Қазақстан облысындағы 51 нысанның 44-і тозығы жеткен күйде қызмет көрсетіп тұр.
«Жергілікті жолдардағы көпірлердің тек 31,5 пайызы ғана жақсы жағдайда. Ал республикалық желіде бұл көрсеткіш 50,5 пайызды құрайды. Көптеген ауыл тұрғындары үшін көпір – аудан орталығымен, мектеппен және ауруханамен байланыстыратын жалғыз жол», – деді Тұрарбек Тілемісов.
Жергілікті нысандар неге бағдарламадан тыс қалды?
Депутаттың айтуынша, Көлік министрлігі 2027–2031 жылдарға арналған көпірлерді жаңғырту бағдарламасын әзірлеп жатыр. Алайда ведомстволық құжат тек республикалық маңыздағы тасжолдарды ғана қамтуды көздейді. Нәтижесінде еліміздегі барлық көпір қорының 59 пайызын құрайтын 2 135 жергілікті өткел мемлекеттік назардан тыс қалып, қалдық қағидатымен қаржыландыру қаупі туындауда.
Жоба әкімдіктерге нақты міндет жүктемейді әрі жергілікті бюджеттерге қажетті қаржы көздерін кепілдендірмейді. Сол себепті мәселені тікелей Үкімет басшылығының деңгейінде қайта қарау қажеттігі айтылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл жолдардың сапасын ел инфрақұрылымының «Ахиллес өкшесі» деп атап, салада түбегейлі тәртіп орнатуды тапсырған еді. Фракция бұл баға толығымен жергілікті көпірлерге де қатысты екенін алға тартты.
«Апатты күйдегі 142 көпірдің әрқайсысы бойынша қабылданған қауіпсіздік шаралары мен жобалық-сметалық құжаттардың жайын толық тексеру қажет», – деп атап өтті депутат.
Үкіметке қандай нақты талаптар қойылды?
Парламент өкілдері көпір инфрақұрылымын сақтап қалу үшін бірқатар нақты қадамдарды ұсынды:
- Республикалық, облыстық және аудандық жолдарды толық қамтитын 2027–2031 жылдарға арналған бірыңғай мемлекеттік бағдарламаны бекіту;
- Өңір әкімдіктерін бағдарламаның тең орындаушысы етіп белгілеп, нақты өңірлік жөндеу жоспарларын түзу;
- Жергілікті көпірлерді ортақ әдістемемен түгел төлқұжаттау және оларға пайдалануды басқару жүйесін енгізу;
- 2023–2026 жылдардағы нақты жұмсалған қаражат есебін шығарып, 2031 жылға дейінгі қажетті қаржы көлемін нақтылау.
Қазіргі уақытта депутаттық сауал Үкімет қарауына жолданды. Ауылдар мен аудандардың көлік байланысын үзіп алмау үшін бұл мәселе шұғыл мемлекеттік шешімді талап етіп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!






