Қазақстанда автокөлік сату кезінде жеке табыс салығын (ЖТС) есептеу және төлеу тәртібіне қатысты заңнамалық талаптар қолданылады. Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті автокөлік иелерінің қандай жағдайда мемлекетке салық төлеуге міндетті болатынын және оның сомасы қалай есептелетінін түсіндірді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Салық қай кезде төленеді?
Салық кодексінің 384-бабына сәйкес, құн өсімінен түсетін табысқа салық салу ережесі ел аумағында ресми тіркелген көліктерге қатысты жүргізіледі. Егер көлік иесі тіркелген күннен бастап оны бір жылға жеткізбей сатып, одан пайда көрсе, салық төлеуге міндетті болады.
Ал шетелде тіркелген көліктер, сондай-ақ әуе және теңіз кемелері үшін меншікте ұстау мерзімі есепке алынбайды. Оларды өткізген жағдайда салық мерзіміне қарамастан есептеледі.
Мамандар салықтың көлікті сатқан бүкіл сомадан емес, тек сатып алу мен сату бағасы арасындағы оң айырмадан ғана есептелетінін нақтылады. Мәселен, азамат темір тұлпарды 10 миллион теңгеге сатып алып, кейін оны 12 миллион теңгеге қайта сатса, салық салынатын кіріс 2 миллион теңгені құрайды. Егер көлік сатып алған бағасымен бірдей немесе одан арзанға өткізілсе, құн өсімі тіркелмейді, сондықтан салықтық міндеттеме де туындамайды.
Салық мөлшерлемесі қалай есептеледі?
Салық кодексінің 363-бабына сай, төлем көлемі таза табыс мөлшеріне тікелей байланысты белгіленеді. Қазіргі талаптар бойынша кіріске қарай екі сатылы мөлшерлеме бекітілген:
— Табыс 8 500 АЕК көлеміне дейін болса — 10 пайыз;
— Пайда 8 500 АЕК шегінен асқан жағдайда — осы шекке дейінгі сомаға 10 пайыз, ал артылған бөлігіне 15 пайыз есептеледі.
2026 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 4 325 теңгеге тең. Сәйкесінше, 8 500 АЕК шекті межесі 36 762 500 теңгені құрайды.
«Салық көлікті сатқан барлық қаражаттан емес, сатып алған және сатқан құны арасындағы оң айырмашылықтан ғана ұсталады. Пайда түспесе, салықтық міндеттеме туындамайды», – деп нақтылады салық органдары.
Мұра немесе сыйлық: бастапқы құн қалай есептеледі?
Мұраға қалған немесе сыйға тартылған көліктерге қатысты бастапқы бағаны айқындаудың өзіндік реті бар. Мұндай жағдайларда мәміле құжаттарын дұрыс сақтау ерекше маңызға ие.
Көлік мұра ретінде өткенде, оның бастапқы құны меншік құқығы пайда болған күндегі нарықтық бағаға сүйене отырып белгіленеді. Оны тәуелсіз бағалаушының ресми есебімен дәлелдеу қажет. Сондықтан мамандар автокөлік иелеріне барлық құжатты, соның ішінде сатып алу-сату шарты мен бағалау құжаттарын мұқият сақтауға кеңес береді.
Декларация тапсыру және төлем мерзімі
Көлікті бір жылға жеткізбей сатудан кіріс түскен жеке тұлға тиісті есептілікті мерзімінде өткізуге міндетті. Мәміле жасалған жылдан кейінгі жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірмей 270.00 нысанындағы табыстар мен мүлік туралы декларация тапсырылуы тиіс.
Есептелген жеке табыс салығы декларация тапсыру мерзімі аяқталғаннан кейін 10 күнтізбелік күн ішінде, яғни 25 қыркүйекке дейін бюджетке толық аударылуы шарт.
Декларацияны белгіленген мерзімде өткізбеу немесе салықты дер кезінде төлемеу заң аясында әкімшілік айыппұл салуға және әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептелуіне әкеп соғады.
Азаматтар салық есебі, декларацияны толтыру және төлем жүргізу бойынша сұрақтар туындаған кезде тұрғылықты жеріндегі мемлекеттік кірістер басқармасына немесе тиісті цифрлық сервистерге жүгіне алады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







