Алматы облысының спортшылары жыл басынан бері республикалық және халықаралық жарыстарда 1179 медаль иеленді. Оның 423-і алтын, 349-ы күміс, 407-сі қола. Жетістіктер Қонаев қаласында өткен Спорт күні мерекесінде жарияланды, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Салтанатты жиында спорт ардагерлері, жаттықтырушылар мен сала мамандары марапатталды. Оларға медаль, төсбелгі, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды. Көп жылғы еңбегімен өңір спортының дамуына үлес қосқан азаматтарға ерекше құрмет көрсетілді.
Сурдлимпиада чемпионы Андрей Самарин мерекенің басты қаһарманына айналды. Ол Токиода өткен XXV жазғы Сурдлимпиадада грек-рим күресінен алтын медаль жеңіп алған. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев спортшыға Алатау қаласындағы үш бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды.
Самарин баспаналы болу өзі үшін үлкен қуаныш әрі жаңа жауапкершілік екенін айтты. Спортшы енді халықаралық жарыстарда Қазақстанның абыройын асқақтатуға бар күшін салатынын жеткізді. Ол көрсетілген қолдауға алғыс білдірді.
Биыл облыстың спорт саласына 20 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Соңғы үш жылда он спорт кешені бой көтерді. Қазір Кеген, Жамбыл, Ұйғыр, Райымбек және Еңбекшіқазақ аудандарында тағы бес нысан салынып жатыр.
Өңірде тұрғындарға арналған 1232 спорт нысаны жұмыс істейді. Биыл 225 үздік спортшы облыс әкімінің стипендиясын алады. Бұған қоса, жетекші спортшыларды баспанамен қамту және спорт мекемелерінің жабдықтарын жаңарту жалғасады.
Жеке инвестиция есебінен салынатын нысандар саны да көбейіп келеді. Бақбақты ауылындағы спорт кешені мемлекет меншігіне берілсе, Талғарда футбол академиясының құрылысы басталды. Жоба аясында заманауи стадион салу жоспарланған.
Алматы облысының 16 спортшысы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатын ұлттық құраманың алдын ала тізіміне енді. Азия ойындарында өңірдің 20 өкілі ел намысын қорғайды. Олардың арасында Демеу Жадраев, Асем Орынбай, Едіге Қасымбек және Бейбарыс Қаблан бар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







