Америкалық Sceye аэроғарыш компаниясы телекоммуникация саласында тың қадам жасап, стратосферада ұялы байланыс тарататын ұшқышсыз аппаратын сынақтан өткізді. Нью-Мексико штатынан әуеге көтерілген аппарат Тынық мұхиты арқылы Жапонияға дейін ұшып, қайта кері оралған алғашқы әуе кемесі атанды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Тынық мұхиты арқылы жасалған тарихи сапар
Service Test 1 (ST1) деп аталатын миссия аясында SceyeCELL байланыс станциясы орнатылған стратосфералық дирижабль 30 күн ішінде шамамен 30 мың шақырымға жуық (19 мың миль) қашықтықты ұшып өтті. Аппарат тамыздың басында Нью-Мексико штатының Розуэлл қаласынан көтеріліп, 13 күнде Жапония әуе кеңістігіне жетті. Барлық сынақ ойдағыдай аяқталғаннан кейін ол қыркүйек айының басында АҚШ аумағына аман-есен оралды.
Бұл сынақ телекоммуникация тарихындағы айрықша оқиғалардың біріне айналды. Себебі бұған дейін бірде-бір стратосфералық станция мұхит асып, толыққанды транс-тынықмұхиттық сапарды дербес орындап көрмеген еді.
Жапония аспанындағы сынақ және төтенше жағдай сценарийі
Әуе кемесі Жапонияның әуе кеңістігінде бір аптадан аса уақыт бойы 16,5–17 шақырым биіктікте қалықтады. Ол Коти префектурасының Мурото мүйісі маңында, радиусы небәрі 5 шақырым болатын белгіленген нүктеде тұрақты қозғалысын сақтап тұрды. Жоба жергілікті телеком алпауыты SoftBank компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылды.
Сынақ аясында жер сілкінісі немесе цунами кезінде жерүсті байланыс бағаналары қираған жағдайда халықты жедел байланыспен қамту сценарийі орындалды. Дирижабль ешқандай өзгерту енгізілмеген кәдімгі смартфондарға тікелей LTE байланысын таратты. Жағажайда, қалың орманда және ғимарат ішінде тұрған пайдаланушылар мобильді интернетті, әлеуметтік желілер мен бейнеқоңырауларды еркін пайдаланды. Сонымен қатар, апатты ескерту хабарламалары тексеріліп, дрондарға арнайы сигнал беру және теңіз құтқару қызметіне хабарласу мүмкіндігі сәтті сынақтан өтті.
«Бұл миссия біздің технологиямыздың, аппараттық жүйелеріміз бен инфрақұрылымымыздың байланыс қызметтерін көрсетуге толықтай дайын екенін ғана емес, жерден тыс болашақ инфрақұрылымның дәл осы стратосферада жатқанын дәлелдеді. Стратосфера үзіліссіз байланыс келешегіне, соның ішінде 6G технологиясына жол ашады», – деді Sceye негізін қалаушы әрі бас атқарушы директоры Миккель Вестергаард Франдсен.
Жердегі 500 мұнараның орнын басатын мүмкіндік
HAPS (High Altitude Platform Systems) санатына жататын мұндай аппараттар гелий газымен көтеріледі. Корпусының үстіне орнатылған күн батареялары күндіз қуат өндіріп, түнде аккумуляторлар арқылы қажетті энергияны қамтамасыз етеді. Сондықтан бұл құрылғылар айлап, тіпті жылдап әуеде қалықтай алады.
Мамандардың есебінше, толық қуатында жұмыс істейтін бір ғана осындай стратосфералық платформа жердегі 500 базалық станцияның қызметін атқаруға қауқарлы. Ол ғарыштағы геостационарлық спутниктерден жерге шамамен 1800 есе жақын орналасқан, бұл сигналдың кешігуін еселеп азайтады әрі байланыс сапасын кәдімгі жерүсті мұнараларымен теңестіреді.
Деректерді әуеде өңдейтін орталық
ST1 миссиясының тағы бір басты ерекшелігі – аппарат бортына алғаш рет дербес сервер мен қоңырауларды бағыттайтын негізгі желілік модуль орнатылды. Пайдаланушының сұранысы енді жердегі орталық серверлерге қайта жөнелтілмей, тікелей әуедегі жүйеде өңделеді. Нәтижесінде сигналдың кідіріс уақыты 40 пайызға қысқарып, 68 миллисекундты көрсетті.
«Бұл тәсіл стратосфералық қабаттың қолданыстағы ұялы байланыс желісінің ауқымын қалай кеңейте алатынын нақты көрсетті», – деп түсіндірді Sceye техникалық директоры Джонни Труонг.
Жапониялық серіктес SoftBank аталған стратосфералық байланыс қызметін 2027 жылдан бастап коммерциялық деңгейде іске қосуды жоспарлап отыр. Жаңа жүйе интернет инфрақұрылымы тартылмаған шалғай аймақтар мен табиғи апат аймақтарын үздіксіз цифрлық желімен қамтуға үлкен септігін тигізбек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!





