Қазақстанда қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын жүйелі түрде бұзған бірден жеті бірдей микроқаржы ұйымының лицензиясы қайтарып алынды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тексеру жүргізіп, нарықтағы заңсыз әрекеттердің жолын кесу үшін осындай қатаң шара қолданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Лицензиясынан айырылған ұйымдар тізімі
Реттеуші органның ресми бұйрығына сәйкес, микроқаржылық қызметпен айналысу құқығынан мына компаниялар айырылды:
«MaxMoney» МҚҰ» ЖШС;
«Microfinance Systems» МҚҰ» ЖШС;
«SurfKaz Finance» МҚҰ» ЖШС;
«MFO№1» МҚҰ» ЖШС;
«Үміт Финанс» МҚҰ» ЖШС;
«Вивус» МҚҰ» ЖШС;
«EL QAZYNA» МҚҰ» ЖШС.
Аталған ұйымдарға енді жаңа шағын несиелер беруге және қолданыстағы келісімшарттардың талаптарын өз бетінше өзгертуге қатаң тыйым салынады. Сонымен қатар заң талабы бойынша олар күнтізбелік 30 күн ішінде өз атауынан «микроқаржы ұйымы» деген сөздерді алып тастап, қайта тіркелуден өтуі немесе компанияны толық тарату туралы шешім қабылдауы тиіс.
Несие кешірілмейді: борышкерлерге ескерту
Көптеген қарыз алушылар компанияның лицензиясы кері қайтарылса, несие де автоматты түрде жойылады деп ойлауы мүмкін. Алайда Агенттік өкілдері борышкерлердің мойнындағы қаржылық міндеттемелердің толық сақталатынын ескертті.
Азаматтар бұрын жасалған шартқа сәйкес несиені уақытылы өтеуге міндетті. Лицензияның тоқтауы ұйымның жаңа қарыз беруін ғана шектейді, ал бұрын берілген қаржыны қайтарып алу құқығын жоймайды.
Төлем жасалмаған жағдайда өсімпұл есептеліп, іс сот орындаушыларына немесе коллекторларға өтуі мүмкін.
Шетелдік қожайындар және онлайн қарыз тұзағы
Тексеруге іліккен компаниялардың құрылтайшыларына үңілсек, олардың арасында Кипр, Сингапур және Қытай сынды елдерде тіркелген шетелдік қаржылық құрылымдар аз емес. Жоғары сыйақы мөлшерлемесімен жылдам онлайн несие тарататын мұндай сервистер көбіне төлем қабілеті төмен, әлеуметтік осал азаматтарды нысанаға алып келді.
Жасырын комиссиялар, шамадан тыс пайыздық жүктеме және мерзімі өткен берешекті агрессивті түрде өндіріп алу тәсілдері халықтың наразылығын туғызған еді. Агенттікке түсетін арыз-шағымдардың басым бөлігі дәл осындай онлайн қарыз берушілердің заңсыз әрекеттеріне қатысты болған.
Формалды тазарту ма, әлде шынайы қорғаныс па?
Мемлекеттік органның бір күнде жеті ұйымды жабуы ресми есеп үшін жақсы көрсеткіш болып көрінгенімен, мәселенің түп-төркіні шешілді деуге келмейді. Лицензиясынан айырылған МҚҰ-лар келісімшарттарын басқа коллекторлық агенттіктерге сатып жіберіп, борышкерлерді бұрынғыдан да қатты қыспаққа алуы әбден мүмкін.
Халықты микроқаржылық құлдықтан құтқару үшін тек қағаз жүзіндегі лицензияны тартып алу жеткіліксіз. Заңсыз алынған үстемеақыларды мәжбүрлі түрде қайтарту, пайыздық шекті қайта қарау қажет.
Пайыздық қамытқа батып, заңсыз есептелген үстемеақылардың астында қалған қарапайым азаматтар үшін компанияның жабылуы ешқандай жеңілдік әкелмейді. Азаматтардың қаржылық құқығын нақты қорғайтын пәрменді тетіктер енгізілмейінше, несиелік тығырықтан шығу қиын болып қала береді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







