Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен энергетика саласындағы шығындарды азайту үшін зияткерлік есепке алу құралдарын енгізу жұмыстары қарқын алды. Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс Алматыдағы мамандандырылған кәсіпорындарды аралап, отандық зауыттардың өндірістік әлеуетін саралады, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Вице-министр сапары «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы мен Digital Qazaqstan стратегиясының міндеттерін жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Ол қаладағы «Сайман», «Миртек», NERO GROUP және Goldcard Smart Group Kazakhstan кәсіпорындарының жұмысымен танысты. Басты мақсат — электр және жылу энергиясын, сондай-ақ газды есепке алатын аспаптар шығару технологияларын зерделеу және өндірісті ел ішінде оқшаулау мүмкіндігін анықтау.
Зияткерлік жүйелер тұтынушыға не береді?
Кәсіпорындарды аралау кезінде өлшеу дәлдігіне, көрсеткіштерді автоматты түрде жинап, орталыққа жеткізу сапасына және жабдықтардың ақпараттық жүйелермен үйлесімділігіне басымдық берілді. Заманауи технологиялар ресурстардың қай тұста босқа ысырап болып жатқанын жедел анықтауға көмектеседі.
Зияткерлік есепке алу жүйелерін жаппай енгізу коммуналдық сектордағы шығындарды азайтып қана қоймай, тұрғындардың нақты пайдаланған су, жарық және газ үшін ғана ашық әрі әділ есеп айырысуына жол ашады.
Сонымен қатар отандық өндірушілердің ұлттық жобаның қажеттіліктерін өтеу, құрылғыларды жергілікті жерде құрастыру және оларға тұрақты техникалық қызмет көрсету базасын құру мүмкіндіктері жеке қаралды.
Жылына жүздеген мың құрылғы: өндіріс қалай кеңейеді?
Алматыдағы «Сайман корпорациясы» серіктестігінде вице-министр кәсіпорынның қазіргі мүмкіндігі мен өндіріс көлемін ұлғайту жоспарымен танысты. Зауыттың қазіргі мәлімделген жылдық қуаты электр энергиясын есептейтін 800 мың, суға арналған 600 мың, газға арналған 300 мың және жылу шығынын өлшейтін 8 мың аспапты құрайды.
Қазір кәсіпорында өндіріс қуатын одан әрі ұлғайту үшін қосымша ғимараттар құрылысы жүріп жатыр. Жаңа аспап жасау зауытын орналастыру үшін нысандарды күрделі жөндеуден өткізу және толық жабдықтау жобасы 2026 жылдың қараша айында мәресіне жетуі тиіс.
Энергетика министрлігі отандық зауыттардың өндірістік қуатына сүйене отырып, коммуналдық және энергетикалық желілерге цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізу жұмыстарын жалғастыратынын жеткізді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







