Америкалық Microsoft корпорациясы жасанды интеллект саласына инвестиция көлемін ұлғайту мақсатында шамамен 60 мың қызметкеріне өз еркімен жұмыстан кетуді ұсынды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
CBS News таратқан мәліметке сәйкес, бұл көрсеткіш технологиялық алпауыттың әлемдегі бүкіл штатының шамамен төрттен бірін құрайды. Бағдарлама Канада, Үндістан, Ұлыбритания және АҚШ-та еңбек ететін орта буын мамандарына бағытталған. Оларға өтемақы ұсынылып, акцияларды сатып алу мүмкіндігі беріліп отыр.
Жаңа кезеңге арналған қолдау
Microsoft компаниясының персонал жөніндегі директоры Эми Коулман бұл бастаманың негізгі мақсатын түсіндірді.
«Бұл ұсыныс тиісті критерийлерге сәйкес келетін және жұмыстан кетуді ойластырып жүрген қызметкерлер үшін жасалды. Оларға жаңа кезеңге компания тарапынан берілетін қолдау арқылы өтуге жаңа мүмкіндік туады», – деп мәлімдеді Эми Коулман.
Жасанды интеллект инфрақұрылымына 175 миллиард доллар
IT алыбы кадр шығындарын азайту арқылы жасанды интеллект бағытын белсенді қаржыландыруды көздейді. Жыл соңына дейін корпорация жасанды интеллект инфрақұрылымына, оның ішінде деректерді өңдеу орталықтарын салу мен дамытуға 175 миллиард доллар жұмсамақ ниетте.
Ресми мәлімет бойынша, биылғы маусым айының соңында Microsoft қызметкерлерінің жалпы саны 223 мың адамды құраған болатын.
2026 жылғы ауқымды өзгерістер
Аталған шара – корпорацияның 2026 жыл ішіндегі акцияларды ерікті сатып алу бағдарламасын ұсынған екінші жағдайы. Осыған дейін, мамыр айында АҚШ-тағы 8 750 маманға осындай мүмкіндік берілген еді.
Сондай-ақ шілде айында Microsoft 4 800 жұмыс орнын ресми түрде қысқартатынын хабарлады. Ол өзгерістерге Xbox бейнеойындар бөлімшесінің мамандары да ілінген болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







